Елімізде трансформатор жасауға қажет мамандарды ешкім оқытпайды – зауыт директоры
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы трансформатор шығаратын зауыт қажет мамандарды өздері даярлайды. Қазір мұнда 200-ден астам жұмысшы болса, соның тең жартысы оңтүстік өңірлерден келгендер.
Петропавл электротехникалық зауытының өндіріс жөнінен директоры Бейбіт Ыбраев Kazinform тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, маман жетіспеушілігі мәселесін шешудегі кәсіпорын тәжірибесімен бөлісті.
— Трансформатор сияқты күрделі өнімді жасау үшін мамандарды қалай даярлайсыздар және бұл салада неге дайын кадр табу қиын?
— Біздің басқа кәсіпорындардан басты ерекшелігіміз де осы — қажет мамандарды өзіміз даярлауымызда. Өйткені трансформаторды құрастыруға қажетті мамандарды оқытатын жоғары оқу орны елімізде жоқ, тек Кентауда ғана орта арнаулы білім беретін колледж бар.
Сол жерде дуалды оқытумен мамандарды даярлайды. Ал университеттер жалпы энергетиканы, машина жасау саласын оқытады, трансформатор жайында қысқа, бөлшектерін, неден тұрады — үйретеді. Бірақ, оны қалай жинау керек, қандай талаптары бар — оны ешкім оқытпайды. Сондықтан біз өзіміз осы зауыттың ішінде жұмыс істеуге ынта білдіріп келгендерді өз мамандарымыздың күшімен толықтай дайындап, әрі қарай дамыта береміз.
Келген адамды оқытып, даярлау өндіріске қолайсыз, уақыт жоғалтамыз. Сондай-ақ бізге келген адам үйреніп жүріп те еңбекақы алады. Мысалы трансформатор орап жатқан адамдарға биыл 150 мың теңге оклад қойдық. Ары қарай өзін көрсетіп жатса, үйреніп алса, еңбекақысы өседі.
Трансформатор зауыты тек Петропавлда ғана емес, Кентауда, Шымкентте, Оралда, Ақтауда, Алматыда бар. Дайын маман кәсіпорынға келсе жақсы емес пе? Мысалы, трансформатор жинаушы слесарь-құрастырушы, трансформатордың ішіндегі негізгі бөліктерінің біреуін жинайтын — шихтовщик, ораушылар керек. Мәселен мына орауышқа қойылатын өз талаптары бар. Сымның өлшемдері, ені, ұзындығы да маңызды. 20 рет ораудың орнына 19 немесе 21 рет орап жіберсең, оның сипаттамасы өзгереді және дұрыс жұмыс істемейді. 400 вольт беруі керек болса, ол 390 немесе 380 беруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде әр бөлшектің сай келуі өте маңызды. Мынау кесіп, дайын тұрған қағаздарға да дәлдік керек.

— Өңірде кадр тапшылығы жағдайында сіздер жұмысшыларды қалай тартасыздар және оларды ұстап қалу үшін қандай әлеуметтік қолдау немесе жағдайлар жасалып отыр?
— Жұмысшы тапшылығы бүкіл өндірісте бар деп ойлаймын. Бізге толыққанды жұмыс кестесіне көшу үшін әлі кемінде 60-70 адамды алуымыз керек, бұл осы зауыт бойынша ғана. Бірақ, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты біздің өзімізде жылдың соңына дейін жұмысқа адам қабылдауға мораторий жарияланған. Осы жұмысшыларымызбен биылға қойылған жоспарымызды орындаймыз.
Сондай-ақ біз Петропавлда зауытты ашқаннан кейін жанынан көпқабатты үй салдық. Онда 104 пәтер бар. Жұмысшыларымыз, баспанасы болмаса осы жайлы үйге кіреді. Біз оңтүстіктен көші-қон бағдарламасымен отбасыларды алып келдік. Зауыт жұмысшыларының 50% — еліміздің оңтүстігінен келген азаматтар. Осы кәсіпорында еңбек етіп жатқан он шақты ерлі-зайыпты да, ағайындылар да, бауырлар да бар. Олар бұл пәтерлерді жекешелендіруге құқылы. Ешқандай пайызсыз 5 жылдан 10 жылға дейін құнын бөліп төлей алады.
— Кімдерді жұмысқа аласыздар?
— Менің өзімнің негізгі мамандығым — металлург. Жезқазғанда шахтада жұмыс істеп жүріп, Кентаудағы зауытқа слесарь болып ауыстым. Кейін шебер, учаске бастығы болдым. Петропавлда жұмыс істеп жатқаныма үш жыл болды. Айтпағым, ең бастысы ынта болуы керек.
Қазіргі жастар жұмысшы мамандықтарға қызықпайды. Бағдарламашы, мобилограф болғысы келеді немесе сауда орталықтарында кассир болады. Ал мынадай жұмысшы мамандыққа ешкім оқымайды. Қаншама студент тәжірибеден өтуге келеді. Біреуі — әке-шешесінің айтуымен түскен, енді бірі жай таңдай салған, өзінің не оқып жүргенін білмейді. Сондай-ақ 10 студент тәжірибеден өтуі керек болса, соның 2-3-уі ғана келуі мүмкін, қызығушылық жоқ. Олардын сұрасаң «мен одан да дәмханаға барып даяшы болып жұмыс істеймін» дейді.
Жұмыс ауыр емес. Өндірісте тұрған станоктар, құрылғылар қазіргі заманға сай, автоматтық желілер бар, адамдар тек қана программаны жазып, кнопканы басады, әрі қарай станоктар өзі жұмысын істей береді.

Бізге келетіндердің біліміне қараймыз, жоғары не орта арнаулы білімі болғаны дұрыс. Десек те қазір қолында дипломы жоқтар да жұмыс істеп жатыр. Өйткені жаңадан ашылған кезде жұмысшылар жетіспеді, жұмыс істеймін дегендердің барлығын алып, оқытып, бейімдедік, қазір арасында жақсы мамамандар бар. Тәртіпті талап етеміз, кейбіреулер бар жұмысты себепсіз қалдыратын, арақ-шарапқа үйір, олармен бірден қоштасамыз.
— Зауыттың ашылғанына көп бола қойған жоқ. Толық қуатқа көштіңіздер ме?
— 2021 жылы қыркүйек айында ашылдық. Қазір 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы — 450-500 мың теңге шамасында. Жылдық толық қуаты — 13 мың трансформатор. Биыл 6 мың данасын шығаруды жоспарладық. Келесі жылы 8 мыңға жеткізіп, алдағы 2-3 жылда толық қуатқа көшеміз. Бізде 13 түрлі трансформатор бар. Өнімнің 90-95% осы уақытқа дейін Ресейге жөнелтіліп келді. Қазіргі таңда 70-80% ғана Ресейге, қалғаны өзіміздің аймақтарға жөнелтіліп жатыр.

Трансформатор жасауға қажет, бірақ Қазақстанда өндірілмейтін заттар бар, оларды біз Европадан, Қытайдан, не болмаса Ресейден аламыз. «Трансформаторлық құрыш» дейді, ең маңызды бөліктерінің бірі, ол Ресейде не болмаса Қытайда шығады. Трансформаторлық май Қазақстанда өндірілмейді, оны Ресейден сатып аламыз.
Біздің алдағы жылға қойған мақсаттарымыздың ішінде, құрғақ трансформаторларды шығаруға конструкторлық құжаттарды, керекті станоктарды қарастырып жатырмыз.
Бұған дейін Қазақстанда индустриялық инвестициялар күшейіп, ондаған мың жұмыс орны құрылатынын жазған едік.