Елімізде травматология саласына арналған отандық импланттар әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық ғалымдар сүйек пен буын ауруларын, сондай-ақ түрлі жарақаттарды хирургиялық жолмен емдеуге арналған медициналық импланттардың жаңа түрлерін жасап жатыр. Жоба отандық медициналық өндірісті дамытуға және шетелдік технологияларға тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Жобаны Академик Н. Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандары бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Мамандар медициналық тәжірибені инженерлік шешімдермен ұштастырып, құрылғыларды әзірлеу кезінде компьютерлік модельдеу, материалтану және 3D-басып шығару технологияларын қолданады.
Жоба аясында қазірдің өзінде бірнеше медициналық құрылғының үлгісі жасалған. Олардың қатарында омыртқа ауруларын емдеуге арналған трабекулярлы омыртқааралық кейдж, жамбас сүйегінің күрделі сынықтары мен ауыр дисплазиялық коксартроз кезінде қолданылатын арнайы пластиналар бар. Сондай-ақ бұғана сүйегінің сынуын емдеуге және тобық үсті остеотомиясын жасауға арналған бекіткіштер әзірленген.
Импланттарды жасау кезінде олардың сүйекке берік бекітілуіне және сүйек тінінің қалпына келуіне ықпал ететін биомеханикалық қасиеттеріне басымдық берілген.
Жоба құрылғыларды жобалау мен алғашқы үлгілерін жасаудан бастап, оларды сынақтан өткізуге, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Ғылыми орталықтың эксперименттік бөлімінде материалдардың қауіпсіздігі мен бактерияға қарсы қасиеттері де тексеріледі.
Сонымен қатар орталықта травматология мен ортопедия саласына цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Қазір мұнда ірі буындарды эндопротездеуге арналған екі роботтандырылған хирургиялық жүйе жұмыс істейді. Олар әр пациенттің анатомиялық ерекшеліктерін ескеріп, операцияны үш өлшемді форматта дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.
2026 жылы робот көмегімен эндопротездеу технологиясына қатысты денсаулық сақтау технологияларын бағалаудың ресми мақұлдануы да маңызды қадам болды. Бұл еліміздің клиникаларында роботтандырылған операцияларды кеңінен енгізуге қажетті ғылыми негіз қалыптастыруға жол ашады.