Елімізде туберкулезден өлім-жітім 50 пайызға азайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Айтулы дата 1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кохтың Mycobacterium tuberculosis бактериясын ашқан күніне орай белгіленген.

дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Туберкулез – әлемдегі ең ауыр жұқпалы аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын шамамен 10 миллион адам аталған ауруға шалдығады, ал 1,5 миллионнан астам адам туберкулезден көз жұмады. Еліміз бұл аурумен күресуде белсенді шаралар қабылдап, алдын алу және емдеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Туберкулез ауа-тамшы жолымен жұғады. Жұқтыру жөтелгенде немесе науқас адаммен сөйлескенде болуы мүмкін. Ауру көбінесе өкпені зақымдайды, бірақ кей жағдайларда бүйрек, сүйек, ми сияқты басқа ағзаларға да таралуы мүмкін.

Туберкулездің екі түрі бар:

Жабық түрі – адам туберкулез қоздырғышын қоршаған ортаға таратпайды; 

Ашық түрі – науқас жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде инфекцияны басқаларға жұқтыруы мүмкін. 

🔹 Ауру әлсіз иммунитеті бар адамдарға көбірек қауіп төндіреді.

🔹 Туберкулезді ерте анықтау – емдеудің тиімділігін арттырады.

Туберкулезден сақтанудың негізгі жолдары:

- БЦЖ (Бацилл Кальметта-Герен) вакцинациясы;

- Дер кезінде медициналық тексерулерден өту, флюорография жасау;

- Дұрыс тамақтану, иммунитетті нығайту;

- Гигиеналық талаптарды сақтау және туберкулез белгілері (ұзақ жөтел, салмақ жоғалту, түнгі тершеңдік, шаршау) байқалған жағдайда тез арада дәрігерге қаралу.

Туберкулез арнайы қақырыққа қарсы дәрілермен емделеді, бірақ емдеу курсын толық аяқтау өте маңызды. Кері жағдайда, бактериялар дәрілерге төзімді болып, ауру созылмалы түрге ауысуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын туберкулезге қарсы күрес бойынша ақпараттық кампаниялар жүргізеді. Өткен жылы аталған шара «Иә! Біз туберкулезді жоя аламыз!» деген ұранмен өтті. Оның ішінде ағартушылық дәрістер мен семинарлар, тегін медициналық тексерулер және туберкулезге тестілеу, қайырымдылық акциялар мен флешмоб сол сияқты әлеуметтік желілерде туберкулездің алдын алу және емдеу туралы ақпараттар тарату. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде туберкулез дертінің тұрақты төмендеуі байқалады. 

Туберкулез жұқтыру және өлім-жітім динамикасы:

- Соңғы 6 жылда ауру деңгейі 27%-ға төмендеді; 

- Туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 50%-ға азайды; 

- Былтыр 2023 жылмен салыстырғанда, аурушаңдық 4%-ға, ал өлім-жітім 16,7%-ға төмендеді.

Қазақстанда туберкулезді анықтаудың қандай заманауи әдістері қолданылады? 

- Молекулалық-генетикалық диагностика (ПТР); 

Жоғары сезімтал жедел әдістер арқылы 88 мыңнан астам адам тексеруден өтті, олардың 8083-інде (9,1%) туберкулез диагнозы расталды.

Туберкулез инфекциясын анықтау үшін қолданылатын тестілер:

- Манту сынамасы; 

- Диаскинтест; 

- Квантиферондық тест (IGRA тест). 

Өткен жылы тәуекел тобына кіретін балалардың 97,4%-ы манту сынамасынан өтті.

Скрининг және алдын алу шаралары:

- Былтыр флюорография әдісімен 5 624 782 адам тексерілді, нәтижесінде 4016 жаңа жағдай анықталды; 

- 12 991 науқас (оның ішінде 7256 бала) профилактикалық емнен өтті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 22,4%-ға көп.

Қазақстанда туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу қалай ұйымдастырылған?

Өткен жыл соңындағы статистикаға сәйкес, елімізде 6380 науқас амбулаториялық ем алып жатыр.

Медициналық көмекті алу түрлері:

- 3794 науқас (59,4%) емханаларда бақыланатын ем алады; 

- 82 адам (1,2%) үй жағдайында емделеді; 

- 30 пациент (0,4%) күндізгі стационарларда ем қабылдайды; 

- 117 адам (1,8%) мобильді бригадалардың көмегімен ем алады; 

- 2357 пациент (36,9%) смартфон арқылы бейнебақылау режимінде ем алады. 

- Емдеу барысы медбикелер мен фтизиатр дәрігерлердің қатаң бақылауында. Науқастарға дәрі-дәрмек беріледі, күн сайын қабылдау мониторингі жүргізіледі, бұл емдеуді үзбеуге көмектеседі,- дейді Денсаулық сақтау министрлігінен. 

Амбулаториялық емдеудің артықшылықтары: 

- Пациенттерге ыңғайлы болу үшін 2555 арнайы кабинет ұйымдастырылды, онда науқастар ем алу мүмкіндігіне ие; 

- Қазақстанда дәріге сезімтал туберкулезді емдеу тиімділігі – 90% (ДДҰ стандарты бойынша кемінде 85%); 

- Дәріге төзімді туберкулезді емдеу тиімділігі – 82% (ДДҰ стандарты – кемінде 75%); 

- Елде туберкулезге қарсы барлық қажетті дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Соңғы жаңалықтар