Елімізде түрлі дәмдеуіштің бағасы қанша

Еліміздегі өңірлерде тұз бен түрлі дәмдеуіш бағасы әртүрлі. Қай қалада арзан екенін Kazinform агенттігінің шолу мақаласынан оқи аласыздар.

Острый вопрос: сколько стоят специи в городах Казахстана
Коллаж: Kazinform / Freepik

Дәмдәуіштер бағасы кей өңірде бірнеше есе қымбат. Оған логистика, сұраныс пен тауардың өтімі әсер етеді. Негізінен бір келі тұз, кептірілген лавр жапырағы, паприка және даршын, райхан, қызыл және қара бұрыш бағасын салыстырдық.

Оңтүстік өңірлер

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде дәмдеуіштің бағасы қолжетімді. Мұнда баға өзгелерге қарағанда 2-3 есе арзан. Мәселен тұздың келісі Шымкентте 67 теңге тұрады. Орташа баға — 90-100 теңге.

Салмағы 100 гр қара бұрыш бағасы 260-565 теңге аралығында болса, қызыл бұрыш 360-1800 теңге (баға өндірушіге және қандай қызыл бұрыш екеніне байланысты өзгеріп тұрады) болып тұр. Ал салмағы 30 гр болатын лавр жапырағы 350 теңге, 10-50 грамдығы 105-540 теңге болып тұр.

10 грамдық паприка бағасы — 65-72 теңге (Алматыда баға 295 теңге), 7 грамдық райханның бағасы — 42-80 теңге. 10-20 грамм болатын даршын бағасы — 85-160 теңге.
Еліміздің оңтүстік өңірі көтерме сауда жасауға ыңғайлы болып тұр.

Орталық өңірлер

Еліміздің орталығында да баға қолжетімді. Мұндағы дүкен сөрелерінде дәмдеуіш түрі өте көп. Орта есеппен тұздың келісін 65-110 теңгеге сатып алуға болады. Сонымен бірге 340-420 теңгеден (түрлі дәмдәуіш қосылғаны бар) де сатылады.

Қара бұрыштың 100 грамы кей жерде 1665 теңге (Астанадағы дүкеннен 365-570 теңгеге сатып алуға болады) болып тұр. Қызыл бұрыштың 100 грамы шамамен 385-760 теңге тұрады. Салмағы 30 гр болатын кептірілген лавр жапырағы 870-1005 теңге.

10 грамдық паприканың бағасы — 85-130 теңге. Ал 7 грамдық райханның бағасы 200-360 теңге (Қарағандыда кей жерде 150 теңге), ал 10 грамдық ұнтақталған даршын 175 теңге тұрады.

Солтүстік өңірлер

Еліміздің солтүстігінде баға әрқилы. Павлодар мен Қостанайда баға жоғары болса, Петропавл мен Көкшетауда баға төмен. 

Бір келі тұз бағасы орта есеппен 82-125 теңге (Павлодарда тұздың келісін кей дүкен 237 теңгеге сатады) тұрады. 100 грамм қара бұрыш бағасы 520 теңгеден басталып, 2180 теңгеге дейін (бұрыштың бұл түрі Көкшетауда сатылады) жетеді. Ал қызыл бұрыштың 30 грамы 676 теңгеге сатылып жатыр.

10 грамдық паприканы 109-118 теңгеге (Павлодарда дәмдәуіштің бұл түрі 154-300 теңге тұрады) 7 грамдық райханды 70-106 теңгеге сатып алуға болады. Ал 10 грамдық даршын 75-200 теңге (Көкшетауда 15 гр болатын даршын бағасы 448 теңге) тұрады.

Батыс өңірлер

Еліміздің батысындағы өңірлерде дәмдәуіштің бағасы біркелді. Баға еліміздің оңтүстігіне шамалас. 

Тұздың келісі мұнда 80-100 теңге тұрады. Қара бұрыш 250-2100, қызыл бұрыш 165-1890 теңгеден сатылады. Ал лавр жапырағының 30 грамы — 525 теңге.

Салмағы 10 грамм болатын паприка 136-150, 7 грамдық райхан 50-70, 10 грамдық даршын 80-190 теңгеге сатылып жатыр.

Шығыс өңірлер

Еліміздің шығысында да баға өзгелерге ұқсас. Кейбір дәмдеуіш бағасы төмен. Қазіргі кезде 1 келі тұз 60-115 теңгеге сатылып жатыр. Ал 100 грамдық қара бұрыш 690-1985, қызыл бұрыш 465 теңге тұрады.

Лавр жапырағының 30 грамы 740-790 теңге аралығында сатылып жатыр. Өскемен мен Семейде 10 грамдық паприка бағасы 226-270 теңге, 7 грамдық райхан 85 теңге, ал кофе мен кондитерлік өнімдердің дәмін келтіретін даршын бағасы 83-125 теңге тұрады.

дәмдеуіш бағасы
Инфографика: Kazinform

Kazinform бұған дейін шай мен кофе, бұқтырылған ет және балық, құрма, қымыз бен шұбат  бағасын салыстырды.

Соңғы жаңалықтар