Елімізде ұлттық спорт — бәйге қалай дамып келеді

бәйге
Фото: ҚазАқпарат

Қазақтың ұлттық ойыны - ат бәйгесі елімізде жақсы дамып келеді. Алайда, бірқатар мәселелер де жоқ емес. Бұл туралы Қазақстан бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Спикердің сөзінше, елімізде бәйгенің дамуына мемлекеттің қолдауы қажет.

"Мысалы, шетелде жылқылардың "спортқа арналған жылқылар" деген түрі бар. Олар тек ат жарыстарына қатысады. Біздің елде де жылқылар солай санатқа бөлінгені дұрыс. Екіншіден, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі "асыл тұқымды" деп шетелден ірі-қара малын әкеліп жатады. Ол үшін дотация да беріледі. Меніңше, жылқыны да солай шетелден елге әкелген дұрыс, себебі, жылқының да тұқымын асылдандыру керек", - дейді Қанат Көпбаев.

Ол бәйгеге қатысатын шабандоз бен жылқының тиісті құжаттары болуы тиіс екенін айтты.

"Шабандоздың бәйгеге қатысуға арналған тиісті құжаттары дұрыс болуы керек, ата-анасының рұқсаты да керек. Әрі шабандоз сақтандырылған болуы керек. Сонымен бірге, бәйгеге қатысатын жылқының паспорты болуға тиіс. Яғни, егер жылқы еліміздің жылқысы болса, онда оған еліміздің паспорты, жылқы шетелден әкелінген болса, халықаралық паспорты болуы керек", - деді спикер.

Бұрын тарихта аламан, құнан бәйге, тай жарыстары болған. Бүгінде бәйге түрлеріне өзгерістер енгізілген.

"Бүгінгі күні біз тай жарысын алып тастадық, себебі одан атқа көп зақым келіп жатады. Мысалы, аттың аяғы сынады, ары қарай өспей қалады және т.б. бар. Елімізде қазіргі уақытта көбінесе құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге ұйымдастырылады. Одан бөлек бүгінде біз жорға жарысын дамытып келеміз", - дейді Қанат Көпбаев.

Елімізде өтетін ас, жиын, тойлардағы бәйгенің бәріне ҚР бәйге федерациясы жауапты емес.

"Қазақта той, думан, ас дегендер бәйгесіз өтпеген. Бүгінгі күні де бұл дәстүр жалғасын табуда. Алайда, еліміздің кез-келген өңірінде өтетін ас, жиын, тойларында өтетін ат бәйгелерін біз ұйымдастырмаймыз. Оларды жергілікті халық, азаматтар өздері ұйымдастырып, өздері жарыс жеңімпаздарына сыйлықтарын ұсынып жатады. Егер біз бәйге ұйымдастырар болсақ, онда ол біздің өз ережемізге сәйкес өтеді", - деді Қазақстан бәйге федерациясының басшысы.

Бәйгеден ел чемпионаты биыл наурыз айында басталған екен.

"Бүгін Алматыда бәйгеден ел чемпионатының финалын өткіздік. Негізі бәйгеден Қазақстан чемпионаты биыл наурыз айында басталған болатын. Ол бойынша еліміздің 7 аймағында іріктеу кезеңдері өтті. Бүгінгі финалдық жарысқа еліміздің әр өңірінен 160-тан астам тұлпар мен шабандоз қатысты. Жарыстың жалпы жүлде қоры 82 500 000 теңгені құрады. Жарыс бәйгенің 7 түрі: құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге, жорға жарыс, Қазақстанда туған құнандар бәйгесі, ұлы аламан және екі жасар тұлпарлар арасындағы ұшқыр бәйге бойынша өтті. Жарыстың ең жас шабандозы Алматы облысынан келген Исламнұр есімді 8 жастағы шабандоз болды. Айта кетейін, бүгінгі таңда елімізде Жұмыртұяқ, Талхиз, Мой мир, Секрет есімді тұлпарлар үздіктер қатарынан үнемі көрініп жүр", - деді ол.

Спикер сондай-ақ Алматыда өткен бәйге жартысында алғаш рет "Ұлы аламан" бәйгесі өткенін, оның ұзындығы 35 шақырым болғанын айтты. Оған ең көп тұлпар, бүкіл Қазақстаннан жиыны 55 тұлпар қатысты.

«Ат спорты, оның ішінде бәйге — халқымыздың ежелден келе жатқан құнды дәстүрі. Бәйге біздің қанымызда бар. Бұл тек спорт түрі ғана емес, ерекше мәдениет пен өнердің, біздің ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра. Біздің міндетіміз – ұлттық спортты дамыту және насихаттау болып табылады", - деп қорытындылады Қазақстан бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев.

Еске салайық бүгін Алматыда бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңі өтті.

Соңғы жаңалықтар