Елімізде ұшқышсыз ұшу аппаратының әскери операторы қайда даярланады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның әскери-техникалық мектептері — Қарулы Күштер кадрларын даярлайтын бірден-бір ошақ. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-патриоттық тәрбие беру орталығының басшысы, генерал-майор Марат Нағұманов жаңа геосаяси жағдайда мұндай мектептердің маңызы қалай артқанын айтып берді.

В Вооруженных силах РК протестировали отечественные беспилотники
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Жаңа геосаясат: дрон операторлары және әскери IT-резерв

Әскери сала тез өзгеріп келеді. Гибридтік қақтығыстарда шешуші рөлді дрондар мен жасанды интеллект сияқты технологиялар атқаратын болды. Мұндай жағдайда әскерге тек сарбаз емес, техникалық мамандар — дрон операторлары, киберқауіпсіздік мамандары, әскери IT-инженерлер қажет. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі жаңа талаптарға сай өз бағдарламасын қайта жасақтап жатыр.

Марат Нағұманов
Фото: Видеодан скрин

— Қазір көршілес елдердегі жағдайға байланысты дрон операторларын даярлау өзекті мәселеге айналды. Біз осы мамандарды даярлау бағдарламасын әзірлеп, оқытуды бастап кеттік. Болашақта мұндай мектептердің саны көбейеді деп ойлаймын, — деді Марат Нағұманов.

Украинада, Таяу Шығыста болып жатқан соңғы қарулы қақтығыстар классикалық жаяу әскердің рөлі екінші орынға ығысқанын көрсетті. Ал алдыңғы шепке дрон операторлары шықты. Өздері қауіпсіз аймақта қала отырып, жау әскерін жоя алатын технологияны қолдануы оларды заманауи ұрыстың негізгі ойыншысына айналдырды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың мамырында армияны технологиялық жаңғыртуды жалғастыру қажеттігін айтты. Әсіресе жоғары дәлдіктегі қарулар, дрондар мен роботтандырылған кешендердің үлесін арттыру керектігін атап өтті.

Бір атап өтерлік жайт, әскери-техникалық мектеп дегеніміз тек заманауи қару мен озық техника емес. Бұл құндылықтарды сіңіріп, жастарды тәртіпке баулып және деструктивті ағымдарға қарсы тұра білуге баулитын жер.

— Біз жастар тәрбиесімен айналысамыз. Бізге әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы мәртебесі берілген. Үйірмелер, оқ ату, қол күрес сынды спорт секциялары, мұражайлар жұмыс істейді. «Жас Сарбаз» қозғалысымен ынтымақтастықтамыз. Бізге 39 сынып бекітілген, онда 700-ден астам оқушы білім алуда, — деп хабарлады генерал-майор.

Шынында, ұрпақ тәрбиесін назардан тыс қалдырсақ, мемлекеттің болашағына қауіп төнеді. Ежелгі заманда Аристотельдің өзі: «Егер заң шығарушылар жастар тәрбиесіне немқұрайды қараса, онда мемлекет те зардап шегеді» деген екен.

Әскери қызметтің балама нұсқасы бола ма?

Көптеген елдерде не әдеттегі әскери борыш өтеу, не оған балама — азаматтық қызмет атқару ұсынылады, яғни оларда таңдау бар. Қазақстанда қатаң модель сақталған. Бүгінде әскери-техникалық мектеп арқылы дайындықтан өту — шақыруға ілінбеген, бірақ әскери борышын өтегісі келетін азаматтар үшін жалғыз жол.

скриншот с видео Jibek Joly
Фото: Видеодан скрин

— Бұрын естеріңізде болса, әскери борыш өтеудің балама жолдары болатын — аспаз, маман ретінде қызмет ететін. Қазір ондай жоқ. Тек әскери-техникалық мектеп арқылы, тек әскери бағытта даярлық өтуі тиіс, — дейді Марат Нағұманов.

Әскери борышты өтеудің азаматтық элементтері бар аралас түрлерін қайтару туралы пікірталастар күн тәртібінде тұр. Бірақ қазіргі геосаяси жағдай әскери дайындықты күшейтіп, толыққанды резерв қалыптастыруды қажет етіп отыр.

— Әскери-техникалық мектеп — бұл жай оқу орны емес. Бұл — ұлттық жұмылдыру жүйесі, патриоттық сана зертханасы және болашақ армияға кадрлар даярлау алаңы, — дейді генерал-майор.

Әскери дайындық қалай жүргізіледі?

Ширек ғасырда мектеп 31 000-нан астам әскерге шақырылушы мен 60 000-нан астам резервтегі әскери маманды даярлады.

— Әскерге шақырылушылар үшін әскери-техникалық даярлық мерзімі — 3 ай. Әскери дайындықтан өткен резервті даярлау — 40–42 күн. Біз 29 әскери есептік мамандық бойынша дайындықтан өткіземіз, олардың ішінде атқыштар, снайперлер, пулеметшілер, зенитшілер, жауынгерлік қамтамасыз ету мамандары да бар, — деп атап өтті орталық басшысы.

Әскери-техникалық мектептің басты ерекшелігінің бірі — ауыр әскери жүк көліктерінің жүргізушілерін дайындау. Мұны қарапайым азаматтық авто-мектепте үйрету мүмкін емес. Бұл техниканың ерекшелікке ғана емес, әскери қызмет талаптарына сай арнайы нормативтерге де байланысты.

— Жекеменшік авто-мектеп ауыр көлік жүргізушілерін дайындай алмайды — оларда қажетті база жоқ. ІІМ мәліметіне сай, жеке авто-мектептерде емтихан тапсыру көрсеткіші — 50–57% болса, бізде — 87%-ға жетеді, — дейді Марат Нағұманов.

скриншот с видео Jibek Joly
Фото: Видеодан скрин

Әскери мектеп саны артуы керек

Қазір Қазақстанда әскери-техникалық мектептің 17 филиалы жұмыс істейді. Олар стратегиялық маңызы бар өңірлерді қамтиды:

  • Батыс: Ақтөбе, Орал
  • Шығыс: Өскемен, Семей, Павлодар
  • Оңтүстік: Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда
  • Орталық: Қарағанды, Көкшетау

— Ірі мектептер Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында жұмыс істеп тұр. Олар жылына 200-ге дейін әскери маман даярлайды, — деді М.Нағұманов.

Бір таңғаларлығы, Солтүстік Қазақстанда мұндай оқу орны жоқ.

— Петропавлда ДОСААФ (армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесетін ерікті қоғам — ред.) заманында үлкен әскери мектеп болған. Бірақ кейін оның жері аумақтық қорғанысқа берілді. Мүмкін, инфрақұрылым болмаған шығар. Бірақ нысанның жабылуы дұрыс шешім болмады. Меніңше, мұндай мектептерді қайтарып, жандандыру керек. Әсіресе Астанада ашу қажет. Бұл — әскери қауіпсіздікті нығайтады, — дейді сарапшы.

Әскери-техникалық мектептер мобилизациялық резервті даярлау, жастарды әскери қызметке бейімдеу және патриоттық негіз қалыптастыру құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Дегенмен қазіргі филиал желісі барлық маңызды өңірді қамтымайды, ал өршіп келе жатқан геосаяси қауіптер бұл мәселеге жіті қарауды талап етеді.

— Әскери-техникалық мектептер желісін кеңейту керек. Бұл мемлекет үшін геосаяси жағдайдан туындайтын қажеттілік. Әсіресе, Астанада мұндай мектеп қажет. Мұнда адам ресурсы көп. Бұл ел қауіпсіздігін күшейтеді, — дейді спикер.

әскер, армия
Фото: Қорғаныс министрлігі

Тарихи бетбұрыс: елдіктің іргесін бекітетін мектеп

1992 жыл — Қазақстан үшін үлкен бетбұрыс кезеңі болды. Бұл — тәуелсіздік алып, Қарулы Күштерді құрған жыл. Армияны кәсіби мамандарсыз дамыту мүмкін еместігі бірден анық болды. Ол кезде кадрсыз әскер тек символ ғана еді. Осы түсінік жаңа әскери дайындық жүйесін қалыптастыруға түрткі болды.

— 1992 жылғы 7 мамырда Қарулы Күштерді құрдық — бұл мемлекетіміздің негізгі белгілерінің бірі. 2000 жылы Үкіметтің № 718 қаулысы қабылданды, бізге жас армия үшін әскери-техникалық мамандарды дайындау міндеті жүктелді, — деп еске алады М.Нағұманов.

Осылайша, 25 жыл бұрын ҚР Қорғаныс министрлігінің алғашқы әскери-техникалық мектебі құрылды. Ол әскери қызметшілер мен резерв даярлаудың негізгі тетіктерінің біріне айналды, нағыз кадр ұстаханасы болды.

Соңғы жаңалықтар