Елімізде заңгер мамандардың неше пайызы жұмысқа орналасқан

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде заманауи талаптарға сәйкес келетін білікті заңгерлер аса қажет. Бұл туралы бүгін Сенатта заң білімінің сапасын арттыру тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда сенатор Нұрлан Бекназаров айтты.

Нұрлан Бекназаров
Фото: senate.parlam.kz

«Мемлекетіміздің Құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында заңгерлік білім берудің сапасын жетілдіру Қазақстанның құқықтық жүйесін орнықты дамытудың негізгі шарты саналатыны атап өтілген. Баршамызға мәлім, кейінгі жылдары жоғары заңгерлік білім алу саласы сынға ұшырап келеді. Жалпы алғанда, ауқымды реформалар жоғары білімнің одан әрі дамуына жаңа серпін берді. Тиісті жоғары оқу орындары санының өсуі азаматтарымыздың жоғары білімге деген сұранысын қанағаттандырғанымен, мамандарды даярлау сапасына теріс әсерін тигізбей қоймады, ол әсіресе кейбір жекеменшік жоғары оқу орындарына қатысты. Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, сондай-ақ ұлттық заңнаманы дамыту жағдайында елімізге заманауи талаптарға сәйкес келетін білікті заңгерлер қажет. Себебі құқықтық тәртіп пен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сапалы қорғау, білікті заңгерлерді даярлау деңгейіне тікелей байланысты», — деді Н. Бекназаров.

Сенатордың айтуынша, қазір «Құқық» бағыты бойынша кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 59-ға жетті. Кейінгі 6 жылда Қазақстанда 106 мыңнан аса заңгер дайындалған.

«2023 жылы бітірген түлектер саны 14 262-ні құрап, олардың 57 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектер саны 366 адам, қалғандары ақылы түрде білім алғандар. Сенат депутаттары осы мәселеге ерекше назар аударып келеді, бірқатар іс-шаралар да өткізіліп жатыр. Жуырда осы мәселе Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бірлесіп талқыланды. Бір көңіл аударатын мәселе — ол қоғам мен азаматтардың құқықтық сауаттылық мәдениетін көтеру және заңнамалық өзгерістерге қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту. Сонымен бірге, қолданыстағы заңнаманың нормаларының мәтіндерін қарапайым халыққа түсінікті түрде жазылып, қабылдануы өте маңызды. Бұл мәселеге көңіл бөліп отырғаным, бүгінгі заңгер түлектер болашақтағы заңнамалық қызметке тікелей қатысатын азаматтар. Сондықтан заманауи талаптарға сәйкес келетін білікті заңгерлер аса қажет», — деді депутат.

Соңғы жаңалықтар