Елімізде жанар-жағармай қоры жеткілікті ме
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты бензинмен, дизель отынымен толық қамтамасыз етіп отыр ма? Бұл сұраққа Энергетика министрлігі жауап берді.

- Қазіргі уақытта Павлодар МХЗ, Шымкент және Атырау МӨЗ 96-98% өнімділікте жұмыс істейді. Жанар-жағармай қорларын толықтыру үздіксіз жүргізіледі. Жалпы, елдегі ЖЖМ-нің жиынтық қоры нарық қажеттілігін толық жабуды қамтамасыз етеді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Қазір елдегі мұнай базаларында және тиелген көліктердегі жанар-жағармайдың жиынтық қоры:
- - АИ-92 бензині - 366 мың тонна (ел қажеттілігінің 30 күні);
- - АИ-95 бензині - 73 мың тонна (20 күн);
- - дизель отыны - 518 мың тонна (34 күн).
- Министрліктің басым міндеті – жанармай бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету Оған қоса еліміздегі отын бағасы көршілес елдерден төмен болғандықтан, «сұр» экспортқа жол бермеуге назар аударылған. Сондықтан 2025 жылғы 19 мамырдан бастап «Қазақстан Республикасы аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Энергетика министрінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі №184-н/қ Бұйрығы күшіне енді, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұған дейін Энергетика министрлігі бензин бағасының күрт өсуіне жол берілмейтінін хабарлаған еді.
Еске салсақ, 2026 жылдан бастап Қазақстанда мотор майларының цифрлық таңбалануы енгізіледі.