Елімізде «жасыл» энергетиканың қуаты 17 есеге артқан

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «жасыл» энергетиканың қуаты 17 есеге артты. Бұл туралы ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Жаслан Қасенов айтты. 

Елімізде «жасыл» энергетиканың қуаты 17 есеге артқан
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында айтарлықтай өсім байқалады: соңғы он жылда елдегі ЖЭК нысандарының жалпы орнатылған қуаты 17 еседен астамға артып, 3082 МВт-қа жетті. Бүгінгі таңда «жасыл» генерация елдегі жалпы электр энергиясы өндірісінің 6,43%-ын қамтамасыз етіп отыр, - деді ол Power Central Asia + China өңірлік энергетикалық форумында.

Сондай-ақ спикер Мұндай қарқынды даму – экологиялық таза, тұрақты және экономикалық тұрғыдан тиімді энергетикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі екенін атап өтті.

— 2018 жылдан бастап Қазақстанда іске қосылған ашық аукциондық механизм аясында 13 елден 260-қа жуық компания тартылды. Бұл тек қуат көздерін арттырып қана қоймай, сонымен қатар «жасыл» электр энергиясының тарифтерін де едәуір төмендетуге мүмкіндік берді: жел электр станцияларына – шамамен 2 есеге, күн электр станцияларына – 2,5 есеге дейін, - деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, инвесторлар үшін ең тартымды шарттар жасалған.Мәселен 20 жылға дейінгі электр энергиясын сатып алу келісімшарттары, тарифтерді индекстеу, сондай-ақ инвестициялық преференциялар қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін мұнай-газ химиясын дамыту саласында 15 млрд доллардың 6 жобасы жүзеге асқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар