Елімізде жыл сайын 1,5 мыңға жуық нәрестеге күрделі ота жасалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл сайын 1,5 мыңға жуық нәрестеге хирургиялық операция жасалады. Оның 40 пайызы тіндерді барынша аз зақымдайтын эндовидеохирургиялық әдіспен жүргізіледі. Алдағы уақытта елде балаларды шетелге емделуге жіберу көрсеткішін тағы 50 пайызға қысқарту жоспарланып отыр.

а
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Бұл туралы Алматыда өткен «Баланың денсаулығы мен дамуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды.

Жиынға тоғыз елдің ғалымдары, педиатрлары, балалар хирургтері және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары қатысты. Мамандар ауруларды ерте анықтау, балаларға медициналық көмек көрсету сапасын арттыру және медицина қызметкерлерін даярлау мәселелерін талқылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың айтуынша, Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмекті ел ішінде қолжетімді ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазір отандық клиникаларда «Гамма-пышақ» және протондық терапия әдістері қолданылады. Сондай-ақ ми ісіктері мен қан тамырлары патологияларын емдеуге мүмкіндік беретін гибридті операциялық кешен іске қосылған.

Балаларға көрсетілетін басқа да медициналық көмектің көлемі айтарлықтай. Жыл сайын 2 мыңнан астам бала кардиохирургиялық көмек алады, 500 балаға есту импланттары орнатылады. Ал шала туған 700-ге жуық сәбиге көздің торлы қабығының ретинопатиясын емдеу шаралары жүргізіледі.

Қазақстан балаларды емдеу үшін шетелге жіберуді азайтып келеді. Соңғы үш жылда туыстық байланысы жоқ донорлардан дің жасушаларын трансплантаттау үшін шетелге жіберілетін балалар саны үш есе, ал кардиохирургиялық операциялар үшін жіберу көрсеткіші 5,2 есе азайған.

Ведомство алдағы уақытта радиойодтерапияны енгізіп, қан тамырлары мальформацияларын емдеудің заманауи әдістерін іске қосуды жоспарлап отыр.

— 2027 жылдан бастап шетелде емделуге жіберілетін пациенттер санын кезең-кезеңімен тағы 50 пайызға қысқарту жоспарлануда. Бұл үшін клиникаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді жалғастыру, инновациялық технологияларды енгізу және кез келген күрделіліктегі операцияларды жасай алатын отандық мамандарды тұрақты даярлау қажет, — деді Мағрипа Ембергенова.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда туғанына 19 күн болған нәрестеге күрделі жүрек отасы жасалғанын жазғанбыз.