Елімізде жыл сайын 600 балаға жаңадан обыр диагнозы қойылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қазақстанда қатерлі ісікпен күрес бір орында тұрған жоқ. Бірақ бұл күресте ең басты қару — уақыт. Уақытында қойылған диагноз, дер кезінде басталған ем шешуші рөл атқармақ. Балалар онкологиясы бойынша Қазақстан қай деңгейде? Жағдай жақсарып келе ме, әлде… кешігіп жатырмыз ба?

онкология
Фото: Педиатрия мен балалар хирургиясы ғылыми орталығы

Әлтайырдың арманы — тәуір болу

Екі жыл бұрын Петропавлдың кішкентай тұрғыны Әлтайыр Еркебұланға «лейкоз» диагнозы қойылды. Баланың анасы Меруерттің айтуынша, бәрі ангинадан басталған.

Тамағын емдегеннен кейін де қызуы түспей, кейін денесі көгеріп, қызыл дақтар пайда бола бастаған. Дәрігерлер балаға қан қатерлі ісігі диагнозын қойды.

— Біз 2023 жылдың соңында дерт туралы білдік. Бірден «Ана мен бала» орталығына жатқызылып, ем қабылдадық. Бір жыл үш ай толық курстан өтіп, 2025 жылы 2 ақпанда ауруды жеңіп шықтық. Үйге оралып, екі айдан кейін рецидив болды. Аталық безі бұралып, сол рецидивке себеп болған. Екінші аталық безінен биопсия алды, Астана дәрігерлері ол жерде клетка бар деп шешіп, оны да алып тастаймыз деді. Біз оған қарсы болдық, барлық құжаттарды Қытайға жібердік. Ондағы мамандар көмектесе алатынын айтты, — дейді Меруерт Тәліпова.

Бірақ қытайлық мамандар «емдеу құны — 130 млн теңге» деген. САРТ-терапия — заманауи тәсіл, нәтижесінде науқастың өз иммундық жасушалары зертханада өзгертіліп, рак жасушаларын танитындай етіп қайта ағзаға енгіщіледі.

а
Фотоны Әлтайырдың анасы Меруерт Тәліпова ұсынған

Бұл әдіс кейбір «лейкоз» және «лимфома» түрлерін емдеуде қолданылады.

Баласының өміріне алаңдаған ата-ана жұрттан жылу жинауға кірісті. Баланың әкесі Данияр мәселеге жұрттың көңілін аудару үшін, велосипедке отырып, Астанаға сапар шекті.

— Виза күткен уақытта лимфа түйіндерінде ісіктер пайда болды. Қазір Қытайдамыз, химия терапия, гормон алып жатырмыз. Бірақ алдындағы сомадан асып кетті. Қазір 170 млн теңге керек деп отыр. Сол себепті қазір қайта ақша жинап жатырмыз. Қазіргі уақытта баланың жағдайы, шүкір, жақсы. Ісіктері кішірейіп, аздап тамақ іше бастады. Кеше Гуанчжоу қаласына барып, ПЭТ-МРТ түстік, нәтижесін күтіп жүрміз, — дейді Әлтайырдың анасы Меруерт Тәліпова.

Қазақстанда жыл сайын 600 балаға қатерлі ісік диагнозы қойылады

Әлтайыр — жалғыз емес. Жыл сайын жүздеген бала осы дертке шалдығып, ұзақ әрі күрделі ем жолынан өтеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биылғы жарты жылда 280 бала онкологиялық есепке алынған.

Балалар арасында ең көп кездесетіні — жедел лейкоздар, екінші орында орталық жүйке жүйесінің ісіктер, үшінші орында лимфомалар және одан кейін нейробластомалар және жұмсақ тін саркомалары тұр.

— Жалпы алғанда, Қазақстанда соңғы 10 жылда балалардағы қатерлі ісікпен жаңадан сырқаттану деңгейі тұрақты және бұл көрсеткіш әлемдік көрсеткіштен төмен. Балалар онкологиясы бойынша сырқаттанудың ең жоғары үлесі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында тіркелген, — дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директоры Гүлнар Сәрсенбаева.

аурухана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Онкологиямен күрес бір орында тұрған жоқ

Онкологиялық дерттен сауығу көрсеткіші бес жылдық өмір сүру үлесімен есептеледі. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Диляра Қайдарованың айтуынша, бірер жыл бұрын бұл көрсеткіш ел бойынша 30% қана болса, қазір 57% жеткен.

Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда қатерлі ісікпен күресте бірқатар заманауи технологиялар енгізілді, олар: жоғары сапалы ПЭТ-КТ, МРТ, молекулярлық-генетикалық тестілеу, таргеттік және иммунотерапия, соңғы буындағы желілік үдеткіштер.

— Еліміздегі жетекші онкоорталықтар NCCN (АҚШ) және ESMO (Еуропа) халықаралық хаттамалары бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар, медицина кадрларын даярлау деңгейі де халықаралық бағдарламалар арқылы едәуір жақсарды. Қазіргі уақытта молекулалық онкология, қатерлі ісіктің эпидемиологиясы, биомаркерлерді зерттеу, диагностикада жасанды интеллект қолдану бойынша зерттеу жүргізіліп жатыр. Ерте диагностика, персоналды ем, онкорегистр мен биобанкті дамыту және халықаралық клиникалық зерттеулерге қатысу — басым бағыттардың бірі болып қала береді, — дейді академик Диляра Қайдарова.

Ғалымның пікірінше, қазақстандық сырқаттардың шетелде ем іздеуіне көп жағдайда сенімсіздік, «екінші пікір» алуға ұмтылыс, индивидуалды ем тәсілін іздеу, клиникалық зерттеулерге қатысу мүмкіндігі себеп немесе кейбір дәрі-дәрмектің Қазақстанда болмауына байланысты.

— Қатерлі ісік — үкім емес. Қазіргі таңда ерте анықталса, толық айығу мүмкіндігі өте жоғары, әсіресе балалар арасында, — дейді Диляра Қайдарова.

а
Фото: Дильяра Қайдарованың жеке архивінен

Қатерлі ісік неліктен жастар арасында көбейген

Академиктің пікірінше, жастар арасында онкологиялық аурулардың өсуі өмір салтының өзгеруіне тікелей байланысты, оның ішінде: дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, семіздік, зиянды әдеттер, созылмалы стресс бар. 

Сондай-ақ экологиялық және генетикалық факторлар да әсер етеді.

— Елімізде маңызды профилактикалық шаралар: адам папилломасы вирусына қарсы екпе жасау, бұл — жатыр мойны обырының алдын алады, саламатты өмір салтын насихаттау, темекі мен алкогольден бас тарту, дұрыс тамақтану және тұрақты профилактикалық тексерулерден өту, — дейді Диляра Қайдарова.

Өмір үшін күрес

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 6 ай ішінде республикалық медициналық ұйымдарда бас-аяғы 2535 бала емделді.

Балалардағы онкогематологиялық патология бойынша 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 70% жетті, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.

— Заманауи орталықтардың құрылуы, шетелде емдеуге тәуелділіктің азаюы, жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру стратегиялық міндеттің орындалуын қамтамасыз етеді — өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын сақтау және онкогематологиялық ауруы бар балалардың өмір сапасын арттырады, — дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директоры Гүлнар Сәрсенбаева.

аурухана
Фото: Pexels

Естеріңізге салайық, бұған дейін Ұлттық онкология орталығы сүйек кемігін трансплантаттау санын жылына 180-ге дейін жеткізуді жоспарлағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар