Елімізде ЖРВИ-дің 1 млн 370 мың жағдайы тіркелді

Елімізде жедел респираторлық-вирустық инфекцияның 1 млн 370 мың жағдайы тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

ажар ғиният
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Осы жылдың 10 айында 21 инфекциялық ауру, оның ішінде: оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит, сүзек аурулары, құтыру, лейшманиоз, туляремия аурулары тіркелген жоқ. Былтырғы жылмен салыстырғанда 39 инфекциялық ауру бойынша сырқаттанушылық, оның ішінде COVID инфекциясы - 37 есе, бактериялық дизентерия - 2,8 есе, риккетсиоз - 2,2 есеге, ботулизм - 49,5, ротавирустық энтерит – 26, серозды менингит – 26 пайызға және сальмонеллез, эхинококкоз сияқты өзге де аурулар төмендеді. Ағымдағы осы эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 1 млн 370 мың жағдайы тіркелді, оның ішінде ЖРВИ-мен ауырғандардың 66 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Министр дерегінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 8 пайызға төмен. Қараша айынан бастап тұмаудың 115 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың арасында 36-сы расталды. Алдыңғы жылдардағыдай А (H3N2) тұмауының және В тұмауының айналымы байқалады. Былтырға қарағанда 8,1 пайызға төмен.

«Сонымен қатар, бұрынғыдай риновирустар, бокавирустар, РС вирустары, аденовирустар, паратұмау сияқты басқа респираторлық инфекциялар тіркелуде. Тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны аяқталды. 2 млн 400 мың адам егілді. Бұл жалпы халықтың 12,1 пайызын құрайды», - деді Ажар Ғиният.

Соңғы жаңалықтар