Еліміздегі барлық учаскеде дауыс беру жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі барлық учаскеде дауыс беру жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман айтты.
- Орталық референдум комиссиясы облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары ұсынған ақпаратқа сәйкес, сағат 7-00-дегі жағдай бойынша өңірлерде 10 388 учаске дауыс беруге кіріскенін хабарлайды. Аумақтық комиссиялардың шешімдеріне сәйкес, 92 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 06-00-де басталды. Азаматтардың тізіміне 12 461 796 адам енгізілген. Олардың 17 514-і дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алды. Барлығы 10 388 учаскесі бар. Оның ішінде 54 шет мемлекетте – 71 учаске, - деді Мұхтар Ерман.
Оның мәліметінше, 1 сағаттан кейін Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі учаскелердің ашылуы туралы ақпарат ұсынылады. Сонымен қатар Орталық референдум комиссиясы сағат 10-00-ден бастап, 2 сағат сайын азаматтардың референдумға қатысуы бойынша мәліметтерді хабарлайды.
Айта кетейік, дауыс беру учаскелері сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады.
Комиссия мәліметінше, елімізде 12 461 796 дауыс беруші тіркелген. Заң бойынша, осы саннан 1% артық бюллетень әзірленеді. Демек, 12 586 414 бюллетень болмақ. Алайда жыртып не бүлдіріп алса, азаматтарға жаңа бюллетень берілмейді.
Егер азамат ешқайда тіркелмеген болса, мұның да шешімі қарастырылған. Ел бойынша 220 учаскеге 1 тәулікке тіркелуге болады. Мұндай жағдайда азамат тізімге енгізіліп, дауыс беру үшін оған бюллетень ұсынылады.