Еліміздегі беделді университет Ашхабадта өз филиалын ашады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы бетке ұстар ЖОО-лардың бірі Түрікменстан астанасында өз филиалын ашады. Бұл туралы Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен өткен келіссөзден кейін Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.

Ашхабад
Фото: Turkmenportal

— Мәдени-гуманитарлық байланыстарға келсек, Қазақстан мен Түрікменстанда тұратын диаспоралар – екі елді қосып, түйістіріп отырған «алтын көпір» деп есептейміз. Соңғы жылдары бұл ретте бірқатар нақты әрі пәрменді жұмыс жүргізіліп келеді. Астана мен Ашхабатта қазақ пен түрікменнің көрнекті перзенттері – Абайға, Мақтұмқұлыға және Құрманғазыға былтыр бой көтерген ескерткіштер достығымыздың айқын символы деуге толық негіз бар. Қазақстан мен Түрікменстанның мәдениет күндерінің өтуі жоғары бағаланып, қоғамда ерекше ықыласпен қабылданды, - деді ол. 

Сондай-ақ СІМ басшысы екі елдің жоғары білім беру саласындағы әріптестігіне қатысты тың мәлімет айтты. 

— Білім беру және жастар саясаты аясындағы сұхбат барысында Қазақстандағы бетке ұстар жоғары оқу орындарының бірі Ашхабатта өзінің филиалын ашуға дайын екенін растадым. Осы жақын болашақта жоғары беделді іс-сапарлар барысында нақты әріптестер, серіктестердің аттары аталып өтеді деп ойлаймын, - деді СІМ басшысы. 

Одан бөлек, министр ақпарат саласындағы байланыс дамып келе жатқанын айта келе, қазақстандық телеарна Түрікменстанда көрсетілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

— Silk Way арнасында түрікмен достарымыз туралы жаңалықтар жиі жарияланып жүр. Бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындастыру мақсатында Қазақстанның «Silk Way» және «Silk Way Cinema» арналарын Түрікменстанның теледидар операторларының пакеттеріне енгізуді өз тарапымнан ұсындым, - деді Мұрат Нұртілеу.

Айта кетейік, Қазақстан мен Түрікменстан арасында тауар айналымы 1 млрд долларға дейін артпақ.

Сондай-ақ СІМ басшысы қазақ-түрікмен көлік-транзит байланысы саласындағы басты жобаларды атаған еді

Соңғы жаңалықтар