Еліміздегі ғылыми қызметкерлердің 56%-ы әйелдер — ҰҒА президенті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Ғылым ордасында мереке қарсаңында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы еліміздің әйел ғалымдарына алғаш рет Н.Базанова атындағы марапатты табыстады.

Еліміздегі ғылыми қызметкерлердің 56%-ы әйелдер – ҰҒА президенті
Фото: ҚР ҰҒА баспасөз қызметі

Отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен ЖОО, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысқан іс-шарада сөз алған Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылымдағы әйелдердің орнын ерекше атап өтті.

Күрішбаев әйел ғалымдарына алғаш рет Н.Базанова атындағы марапатты табыстады
Фото: ҚР ҰҒА баспасөз қызметі

— Бүгінгі таңда әйелдердің қоғамдағы алар орны айрықша. Олар ғылым мен білімнің дамуына сүбелі үлес қосып қана қоймай, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, жас ұрпақты тәрбиелеуге және ел болашағын қалыптастыруға зор еңбек сіңіріп келеді. Статистикалық деректер бойынша жыл сайын ғылыми жұмыстармен шұғылданатын әйелдердің үлесі артып жатыр. Мәселен, елімізде ғылыми зерттеулермен 12 893 әйел айналысады, бұл — ғылыми қызметкерлердің шамамен 56%-ы. Олардың ішінде ғылым докторлары — 898, ғылым кандидаттары — 2 859, PhD — 2 229 және бейіні бойынша докторлар — 185, — деді ҚР ҰҒА президенті.

а
Фото: ҰҒА

Сондай-ақ салтанатты іс-шара барысында Алматы қаласы әкімінің құттықтауы оқылды. Онда 2024 жылдан бастап қала тарапынан ғылымды дамытуға гранттық қаржыландыру қарастырылғаны айтылды. Биыл осы мақсатта жергілікті бюджеттен 348 миллион теңге бөлінген. Ол ғылыми-гранттық жобаларды іске асыруға жұмсалмақ.

Күрішбаев әйел ғалымдарына алғаш рет Н.Базанова атындағы марапатты табыстады
Фото: ҰҒА

Еске салайық, бұған дейін Ақылбек Күрішбаев ғылымға бөлінетін ақшаның 70 пайызы Алматы мен Астанада қалып жатқанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум