Еліміздегі медициналық авиацияны дамытудың болашақ бағыттары аталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өтіп жатқан шұғыл медицинаны дамытуға арналған халықаралық конференцияда Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков елімізде медициналық авиацияны дамытудың болашақ бағыттарын атады.

- Еліміздің аумағы толықтай медициналық әуе кемесімен қамтылған. Нақтырақ айтар болсақ. 15 PC-12 тікұшағы, 15 Eurocopter тікұшағы, 1 ЯК-40 ұшағы, 11 АН-2 ұшағы бар. Осы орайда Қазақстан азаматтарын шетелдік клиникалардан тасымалдау мәселесіне тоқталғым келеді. Атап өтерлігі, еліміз әлеуметтік мемлекет саналады. Сондықтан да 2011-2024 жылдары аралығында біз әртүрлі елдерден 300-ден астам пациентімізді эвакуацияладық,- деді ол.
Осы орайда орталық басшысы ескірген әуе кемелерін жаңарту жұмыстары қолға алынғанын атап өтті.
- Ескірген әуе кемелерін алдағы 3 жылдың ішінде толықтай жаңартамыз деп үміттенеміз. Мәселен, бізде ЯК-40 ұшағы транспотологиялық қызметтер үшін қолданылады. Қазіргі уақытта оны жаңа заманауи Bombardier CRJ 200 ұшақтарына ауыстыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл ұшақтың параметрі әлдеқайда жоғары, екі есе жылдам ұшады әрі жайлы,- деп атап өтті Ержан Әділбеков.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы мен Жедел медициналық жәрдем қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға отандық және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Түркиядан келген шұғыл медициналық көмек саласындағы халықаралық сарапшылар қатысып отыр. Олардың барлығы шұғыл медициналық практикада заманауи шешімдерді әзірлеу мен енгізу тәжірибесіне ие.
Конференция бағдарламасында диагностикалау, емдеу, инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізу, төтенше жағдайлар кезіндегі шұғыл әрекет ету жүйелерінің тұрақтылығына арналған пленарлық сессиялар мен тақырыптық секциялар қамтылған. Іс-шара шеңберінде шұғыл медицинаны дамытудың: медициналық авиация, мамандар даярлау, цифрлық шешімдерді енгізу, кезек күттірмейтін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру сияқты негізгі бағыттары бойынша пікір алмасу жоспарланған.
Айта кетейік, елордада шұғыл медициналық көмекке арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.