Еліміздегі пойыздарда қашан сапалы интернет қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин автожол мен теміржол бойында интернет сапасын жақсарту мәселесіне түсінік берді.

вагоны поезд вагондар
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, былтыр министрлік республикалық маңызы бар автожолдарда интернет желісі нашар қамтылған аумақтарға қатысты тиісті талдау жасады.

- Талдау негізінде біз антенналық тірек құрылыстарын қосымша орнату қажет 243 нүктені анықтадық. Қазір әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Қазірдің өзінде 80-ге жуығы орнатылды. 2025 жылы республикалық маңызы бар жолдарда интернет желісі жақсарады. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар жолдарға да талдау басталды, оның қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспары құрылады, - деді Р. Коняшкин Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында.

Бұдан бөлек вице-министр пойыздарға интернет тартуға қатысты түрлі технология зерттелгенін айтты.

- Ең дұрыс нұсқа – ол төмен орбиталық спутниктер арқылы интернетпен қамтамасыз ету. Қазір OneWeb-пен келіссөз жүріп жатыр. Қаңтар айында ҚТЖ-мен бірлесіп пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның нәтижелері бойынша ұсынылатын сапа мен тарифтер қаншалықты тиімді болатынын пысықтап, шешім қабылдаймыз, - деді Ростислав Коняшкин.

Еске салсақ, елімізде екі мыңға жуық мектеп Starlink интернетіне қосылды.

Соңғы жаңалықтар