Еліміздегі спортшылардың нәтижесі төмендеп кетті – Премьер-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Спортшыларды балалар секцияларынан бастап олимпиадалық құрама командаларға дейін тәрбиелеудің нақты жүйесі жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Президент РК посетил спортивный центр QazSwimAcademy в Астане
Фото: Ақорда

- Өздеріңіз білетіндей, мемлекет салауатты өмір салтын дамытып, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту үшін кешенді шаралар қабылдауда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа, спорт инфрақұрылымын, спорт резерві мен жоғары жетістіктер спортын дамытуға баса мән беріліп отыр. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан спортты қаржыландыру көлемі артып келеді. Республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылды. Дей тұрғанмен, спортшыларымыздың нәтижесі төмендеп кетті. Мұның негізгі себептері оларды жүйелі дайындау жұмыстарының болмауында. Жаттықтырушы құрамның жетіспеушілігі және тиімді дайындық әдістерінің жоқтығы да нәтижелерге теріс әсер етті, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, спортшыларды балалар секцияларынан бастап олимпиадалық құрама командаларға дейін тәрбиелеудің нақты жүйесі жоқ. Сонымен қатар спорт түрлері бойынша өңірлер арасындағы бәсекелестік төмен.

- Республикалық деңгейдегі жарыстар, түрлі турнирлер талантты спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс. Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз, - деді Үкімет басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына қатысты түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар