Еліміздегі студенттерге қосымша гранттар қарастырылған – министр
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жаңа оқу жылы қарсаңында 10 мыңға жуық астам қосымша грант беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

«Қосымша мүмкіндіктер бар. Жоғары балл алғанымен, грантқа ілінбей қалғандарға мүмкіндік қарастырылған. Қазір бірнеше ұйым өз гранттарын беріп жатыр. Қазіргі таңда 2 000-нан астам грант жергілікті атқарушы органдардан бөлініп отыр. Бұл көсеткіш тағы ұлғаяды. Сонымен қатар, KazEnergy қауымдастығының гранттары бар. Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу үшін Түрік Республикасының 500 гранты берілді. Freedom Finance Group компаниясынан 400 грант бөлінді. Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынды. «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөледі», - деді С.Нұрбек.
Оның айтуынша, Сәтбаев, Есенов, Аманжолов, Торайғыров, Тұран-Астана және тағы басқа университеттер ректорлық гранттар береді. Бұдан бөлек, сессия нәтижелері бойынша бос гранттарды алу мүмкіндігі бар.
«Жұмыс берушілердің гранттары да қарастырылған. Жалпы, 10 мыңға жуық астам қосымша грант беріледі», - деді ведомство басшысы.