Еліміздегі тағы бір ірі компания мұнай өндіру көлемін азайтты
Еліміздің батысында мұнай өндіретін компаниялар өткен тәулікте мұнай өндіру көлемін тағы азайтты. Бұрын екі компания «қара алтын» көлемін төмендеткен еді. Енді оның қатарына тағы бір компания қосылды, деп хабарлайды Kazinform.

ENERGO_OFFICIAL Telegram арнасының мәліметіне қарағанда, өткен тәулікте еліміздегі үшінші ірі компания – КПО мұнай өндіру көлемін азайтуға шешім қабылдаған. Мұның алдында «Теңізшевройл» мен NCOC компаниялары осындай қадамға барған еді. Бұған Каспий құбыр желісі консорциумының Қара теңіз жағалауындағы ауа райының қолайсыздығынан танкерлерге мұнай тиеуді тоқтатқаны себеп болып отыр.
«ТШО мен НКОК-тан кейін тағы бір ірі қазақстандық компания – КПО Каспий Құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийск портындағы ауа райына байланысты танкерлерге мұнай құюды тоқтата тұруына байланысты мұнай өндіруді азайтты. Мәселен, 29 қарашада КПО бойынша тәуліктік өндірістің төмендеуі 34%, 36-дан 23,8 мың тоннаға дейін болған. ТШО-да мұнай өндіру 67%-ға (83,4-тен 27,2 мың тоннаға дейін), NCOC-та 65%-ға (54-тен 18,6 мың тоннаға дейін) төмендеді», - деп хабарлады ENERGO_OFFICIAL.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстандағы тағы бір компания мұнай өндіру көлемін азайтқанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстанның мұнай-газ компаниялары өткен тәулікте қанша мұнай өндіргенін жазған едік.