Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында еліміздің батыс өңіріндегі қатты пайдалы қазбаларының бірегей коллекциясы сақталған. Бағалы тастар мен металл көрмесінің жарты ғасырдан астам тарихы бар. Көрме меңгерушісі Елизавета Бачина 40 жылдан астам уақыттан бері көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан көрмені тапсыратын сенімді адамды әлі күтіп жүр.

Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Тарих пен қор

Ақтөбе қаласы Кереев көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында коллекциялық тас қоры және аймақтық геологиялық көрмесі бар. Аталған көрме КСРО Геология министрлігінің бұйрығымен ҚазКСР Геология министрлігі Батыс Қазақстан кешенді геологиялық барлау экспецициясы құрамында ашылды. Бұл 1969 жыл еді. Содан бері геологтар барлау жұмыстары кезінде табылған қатты пайдалы қазбалардың үлгісін әкеліп тапсырады. Бекітілген ереже және ғалымдардың өз жұмысына жауапкершілігінің арқасында бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Түрлі геологиялық барлау түсірілімі, іздеу және барлау жұмыстары, ғылыми және тақырыптық зерттеу, экскурсия кезінде табылған және алынған коллекциялық тас, органикалық қалдық, тілімтас (шлиф) осы жерде сақтаулы тұр.

Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова
Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова

– Қазіргі кезде 50 мың тау жынысы мен кені, фауна мен флора қазба қалдықтары үлгісінен 972 коллекция бар. Сонымен бірге 150 000 шлифотекада 500-ге жуық коллекция сақтаулы. Жыл сайын саны артып отырады. Коллекциялық тас қоры және аймақтық геологиялық көрмесі Қазақстанда сақталған жалғыз орын әрі қоры жыл сайын толығып отырады. Алғашқы күннен бастап мұнда геобарлау жұмыстарынан кейін қабылданған коллекцияны іріктеу және тексеру жүргізілді. Қазір мұнда 1954 жылы Н.В.Овечкиннің Торғай ойпатынан жинаған теңіз палеогенінің ұлутасы сақтаулы. Қазақстанның батысындағы борлы, палеоген қабатының және юра дәуіріндегі бірегей микрофауна коллекциясы да бар. Бұл – 1948-1997 жылдары аралығында жиналған коллекция. 1950-1951 жылдары аралығында Маңғышлақтың орталық бөлігінде алынған коллекцияның далалықда жазылған күнделігі де бар. Бұл В.И.Гладковтың еңбегі. Р.А.Сегедин 1951 жылы Оңтүстік Мұғалжар және Ор-Елек өзенаралығынан протерозой, силур, девон және тас көмір дәуірінің тау жынысы коллекциясының үлгісін жинады. Мұндай мысал өте көп. Сонымен бірге метеорит құлаған Жаманшың кратерінен әкелінген үлгілер бар, - деді Коллекциялық тас қоры және аймақтық геологиялық көрмесінің меңгерушісі Елизавета Бачина.

Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова
Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова

Ғылымға бастар жолға қызығушылар аз

Геологтардың мекені болуға тиіс орынға қазір адам аз барады. Мұнда мыңнан астам кітап қоры мен геологтардың зерттеу картасы, пайдалы қатты қазбалардың үлгісі мен олардың қайдан табылғаны туралы жазба деректер де рет-ретімен сақтаулы. Тек кел де ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіз. Бірақ өкінішке қарай бұл салаға қызығушылық төмен.

Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова

– Қордағы литотека және шлифотекада геобарлау және ғылыми-зерттеу жұмыстары, кітап, мақала мен геологиялық есеп ғана емес, тастар да сақтаулы. Демек тасты алып, зерттеу жұмыстарын да жүргізуге болады. Техникалық кітапханада бірегей кітап сақтаулы. Саны – 30 568. Тас қорының электронды нұсқасы да жасақталды. Мұнда еңбегі сіңген геобарлаушылар, Қазақстан мен Ресейдің атақты геологтарының фотосын да көріп, танысуға болады. «Запказгеологияның» Еңбек даңқы кітабы сақтаулы. «Қазақстан геологі», «Батыс Қазақстанның жер қойнауын барлаушы» газеттерінің 1965-1969 жылдар аралығындағы саны түгел сақталды. Ал көрмедегі сөрелерге 3 мың тау жынысы, кен және минералдар қойылды. Олар: мұнай, конденсат, көмір, хромит, темір, марганец, алтын мен күміс, мыс пен мырыш, никель мен кобальт, стронций, титан, борат, бор және калий тұзы, күкірт, фосфорит, барит, әктас, вермикулит, жарқырауық асылтас шикізаты, мәрмәр, түрлі құрылыс материалдары. Демек кәсіби геобарлаушыларға таптырмас орын. Қазақстанның батысындағы қатты пайдалы қазбалармен танысып, дерек жинай алады. Жоғары оқу орнының, колледждің студенттері де, оқушылар да келеді. Бірақ соңғы кездері оқушылар тым аз. Оларды тасымалдау талабы күшейіп тұр. Ал бұл көрме олардың мамандық таңдауына, геолог мамандығының қыр-сырына үйретер еді, - деді Елизавета Бачина.

Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова
Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова

Бұған дейін Ақтөбедегі бірнеше мектепте жас геологтарды тәрбиелеу, оларды түрлі байқауларға қатыстыру жұмысы атқарылды. Тіпті көрме меңгерушісі балалармен бірге далалық жұмыстарын жүргізді, түрлі тау жынысын тауып, тіркеді. Бүгінде жылына шамамен 1 500 адам ғана келеді. Бұрын олардың саны он мыңдаған болды. 

– Бұрын табиғат сыйына бейжай қарамайтын адамдар жылтыраған дүниені алып, әкеліп, тапсыратын. Оны тіркейміз, кейін тауып алған жеріне барып, іздеу жұмысын жүргіземіз. Құжатты толтырып, шешім шығарамыз. Жұмыстың бәріне бюджеттен қаржы бөлінді. Сол кезде мұнда 30-дан астам адам еңбек етті. Қызығушылық та өте жоғары болды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Свердловсктің ғалымдары диссертацияға материал алды, жинады. Қазір қызығатын адам аз, тіпті жоқтың қасы деп айтсақ болады. Біз мұны сақтап қалу керек деп отырмыз. Бәлкім бірнеше жыл өткен соң қайта қызығушылық артуы мүмкін. Бір анығы – сақталуы тиіс. Мен де зейнетке шығуым керек. 1981 жылдан бері осы көрме ғимаратында жұмыс істеп жүрмін. Бұл менің үйім секілді. Қазақстанның батысындағы геология архиві болған соң мұнда фото да, кітап та, басылым да жинақталған. Бұрын ресми сапармен келген елшілерді, министрлерді, депутаттарды әкелетін, таныстыратын. Бұған дейін олар 2022 жылы келді. Мұнда Дінмұхаммед Қонаев та келіп, қолтаңба қалдырған. Оны көрсете алмаймын. Құнды құжаттың көшірмесі тарап кетуі мүмкін, - деді көрме меңгерушісі. 

Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова
Кітап
Фото: Алтынай Сағындықова

Айта кетейік, техникалық кітапхана қоры 1993 жылға дейін толықтырылып отырған. Сол жылдан кейін кітап сатып алынбады.

– Мұнда жас маман келмейді. Жалақысы 130 мың теңге болатын жұмысқа қызықпайды. Қазір жұмыс істеп жүрген геологтардың бірі зейнетке шыққан соң осында ауысады деп үміттенемін. Бір жағынан осы салада жұмыс істейтін адамның келгені дұрыс. Мен ондаған жыл жұмыс істеген соң материалдың үлгісін қолыма алған кезде сол адамның өзін көз алдыма елестетемін. Кім алып келгенін, қалай жұмыс істегенін, жетістігін есіме түсіремін. Әр үлгінің артында бір адам бар. Иә, геологтардың сабақтастығы үзілді. Жастар осы салада білім алып, маман болғанымен, басқа жұмысқа ауысты. Отбасын асырау үшін көбі кетіп қалды. Мен жұмысқа келгенде аға буын болды. Үйрендім, ойға түйдім. Кейін осы тізбек үзілді. Қазір ең жас геолог 63-64 жаста. 40 жастағы гелогтар саны өте сирек кездеседі. Ал олар кімнен не үйренеді? Мұнда геологиялық зерттеу саласының тірі аңыздары болды. Қазір олар жоқ. Геологтар бір емес, бірнеше саланы қатар алып жүрді. Бірі қаланы фотоға түсіріп, тарихи деректерді сақтап қалды. Екіншісі техникалық кітап қорын жасақтады. Тағы бір тобы өлең жазды, сурет салды, - деді Елизавета Бачина.

Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова
Еліміздегі жалғыз коллекциялық тас қорын және геологиялық көрмені сақтай аламыз ба
Фото: Алтынай Сағындықова

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбедегі пайдалы қазбалардың қоры туралы жазылды. Қазақ жеріндегі хром мен талшықтастың (асбест) бәрі Ақтөбе территориясында орналасқан. Сонымен бірге титанның 69,7%, фосфориттің 34,5%, никельдің 25,5%, кобальттің 15,7% Ақтөбеде.

Соңғы жаңалықтар