Еліміздегі жекеменшік балабақшалардың қызмет көрсету құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Жеке балабақшаларда ай сайынғы төлем 15 мың теңгеден басталып, жарты миллион теңгеге дейін жетіп тұр. Біреу үшін бұл қол жетпес қызмет болса, екінші бір адамдар үшін қажеттілік. Қай қалада балабақша қызметі қымбат, ал қай өңірде баға қолжетімді екенін Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап білді. 

Еліміздегі жекеменшік балабақшалардың қызмет көрсету құны қанша
Коллаж: Kazinform

Мемлекеттік балабақшаларға қарағанда жекеде топтағы бала саны аз, түрлі үйірмелер бар және спорттық секциялар қызмет көрсетеді. Екінші жағынан алып қарағанда «бұл қызметтің құны қанша» деген сұрақ туындайды

Тағы бір ескере кететін жайт, жеке балабақшалардың бір бөлігі мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Мемлекет шығынның бір бөлігін өтейді. Оны жергілікті әкімдік шешеді. Бүгінде өңірлерде орта есеппен ай сайын 14-17 мың теңгеге шығып тұр. Дегенмен қазір ата-аналар мемлекеттік тапсырысы жоқ балабақшаларды таңдап, баласын сонда тәрбиелейді.

Балабақша қызметі Алматы мен Астанада қымбат. Еліміздің екі қаласында жеке балабақшаларда көрсетілетін қызмет түрі көп. Тілді тереңдетіп оқытып, бассейн, гимнастика, би және футбол мен күрес үйірмелерін ашып қойған. Ата-аналарды қызықтыру үшін кейде шетелден оқытушы алдыртады немесе атақты кәсіби спортшыларды шақырады. Сонымен бірге сурет салу, музыка мен театр өнеріне баулитын үйірмелер де бар. Мұндай балабақшалар қызметі 50-60 мың теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін жетеді. Танымал балабақшалардағы орташа баға 150-200 мың теңге.

Шымкентте жеке балабақша қызметі одан сәл төмен. Орта есеппен — 142-150 мың теңге. Қарағанды мен Жезқазғанда таңдау көп әрі балабақшаға ай сайын 45-100 мың теңге төлеуге болады.

Еліміздегі жекеменшік балабақшалардың қызмет құны қанша
Коллаж: Kazinform

Өскемен мен Семейде жеке балабақшаға ай сайын 23,5 мцң теңге төлеуге болады. Кей жерде 135 мың теңгеге жетеді. Қазір бұл өңірлерде орташа баға — 50-100 мың теңге.
Қостанайда жеке тәрбиелеу орындары 45-95 мың теңге сұрайды. Ал ерекше балаларға арналған мамандандырылған балабақша қызметі 120 мың теңгеден басталады. Тіл үйретсе 70 мың теңге, түрлі үйірме мен секция қосса 140 мың теңге төлейді.

Атырау, Көкшетау, Павлодарда орташа баға 50-80 мың теңге. Кейбір таңдаулы балабақша 150 мың теңге және одан жоғары ақы де сұрайды. Ақмола облысында балабақша қызметі баланың жасына қарай бөлінеді. 2 жасқа толмаған баланы бағып-қағу 90 мың теңге шамасында болса, мектеп алды даярлық тобының құны 75 мың теңге. Ал 2-5 жас аралығындағы балаларға балабақша құны 39,5 теңге болып тұр.

Талдықорған мен Таразда баға 40-50 мың теңгеден басталғанымен, көбіне 70 мың теңгеден аспайды. Үйірме мен секция болса да 100 мың теңге сұрайды. Ақтау мен Петропавлда ақысы жоғары балабақша 70 мың теңге болса, бұл қалалардан ай сайынғы төлемі 25-30 мың теңге болатын тәрбиелеу орнын таба аласыз. Қызылордада жеке балабақша құны 40-50 мың теңге.

Ақтөбе, Қонаев пен Оралда баға 30-60 мың теңге аралығында. Ақтөбеде мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшада ай сайынғы төлем құны 16,8 мың теңге болса, тағы бір балабақшаның қызмет құны 214 мың теңге. Қонаевта қосымша қызмет түрі жоқ қарапайым жеке балабақша құны шамамен 70 мың теңге тұрады.

Елімізде жеке балабақшалардың қызмет құны Түркістанда арзан болып шықты. Мұнда баға 15 мың теңгеден басталып, 60-70 мың теңгеге дейін жетеді. Халық саны енді-енді ғана өсіп келе жатқан өңір үшін бұл ең тиімді баға.

Айта кетейік, биыл балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді. 

Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға жаңа санитарлық талаптар енгізіледі. 

Соңғы жаңалықтар