Еліміздің 12 өңірінде балаларды оңалту орталықтары салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 12 өңірінде балаларды оңалту орталықтары салынады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабағина айтты.

«Халықты әлеуметтік қорғау саласында мүгедектігі бар балаларға туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және қоғам өміріне тең жағдайларда қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Әлеуметтік қорғау жүйесінде 90-ға жуық баланы қамти отырып, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1,4 мыңнан астам баланы қамтитын психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған стационарлық үлгідегі 17 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. 78 күндізгі ұйымда 4 мыңға жуық бала қызмет алады. Сондай-ақ, 1,8 мыңға жуық балаға 23 оңалту орталығы жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсетудің мемлекеттік ұйымдарымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 5 мыңнан астам мүгедектігі бар балаларға арналған 182 үкіметтік емес ұйым ұсынады.
«Бұдан басқа, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2021-2025 жылдар аралығында еліміздің 12 өңірінде 150 орындық оңалту орталықтарын салуды жоспарлады. 2023 жылы оңалту орталығы Абай облысының Семей қаласында және Жамбыл облысының Тараз қаласында іске қосылды. Бүгінде 5 өңірде, атап айтқанда Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Ақтөбе облыстарында құрылысы жалғасып жатыр. Ал, 5 өңір Астана, Алматы, Шымкент, Жетісу, Павлодар өңірлерінде) жер учаскелеріне жобалау-сметалық құжаттаманы байланыстыру және тиісті құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде», - деді Ғалия Жабағина.