Еліміздің 14 қаласында Study in Kazakhstan көрмесі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда талапкерлерге арналған ірі білім беру жобаларының бірі — Study in Kazakhstan жоғары білім көрмесі басталды. Жоба еліміздің 14 қаласын қамтып, 6000 шақырымнан астам аумақты біріктіреді, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
— Жобаның басты мақсаты — талапкерлерге Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған шетелдік университеттер филиалдарының білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру. Іс-шара аясында қатысушылар білім беру бағдарламалары, мемлекеттік гранттар, қабылдау талаптары мен оқу ерекшеліктері туралы толық ақпарат ала алады. Іс-шара 7-25 сәуір аралығында Астана, Павлодар, Семей, Өскемен, Қаскелең, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында өтеді, — делінген ведомство хабарламасында.

Жобаның алғашқы күні 7 сәуірде Астана қаласында өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің 50-ге жуық жоғары оқу орны қатысып, 10-11 сыныптың 2500-ден астам оқушысы жиналды.
Салтанатты ашылу барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев сөз сөйлеп, жастарға сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар оқушыларға арналған танымдық бағдарлама ұйымдастырылып, педагог-профориентолог Айдос Жұманазар, ҰБТ сарапшысы Фархат Сұлтабаев және білім беру саласының сарапшысы Оразбек Әпсаттар талапкерлерге мамандық таңдау мен жоғары оқу орнына түсу бойынша бағыт-бағдар берді.

Іс-шара аясында жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттер филиалдарының өкілдері білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері мен қабылдау ережелеріне тоқталып, талапкерлер мен ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.
Жобаның бағдарламасына сәйкес 7 сәуірде Астанада басталған іс-шара 8 сәуірде Павлодарда, 9 сәуірде Семейде, 10 сәуірде Өскеменде жалғасады. Одан кейін 13 сәуірде Алматыда, 14 сәуірде Қаскелеңде, 15 сәуірде Таразда, 16 сәуірде Шымкентте, 17 сәуірде Түркістанда, 18 сәуірде Қызылордада, 20 сәуірде Ақтөбеде, 22 сәуірде Атырауда өтеді. Ал 24-25 сәуір күндері қорытынды кезеңі Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында ұйымдастырылады.
Study in Kazakhstan — талапкерлер үшін өз болашағын саналы түрде жоспарлап, еліміздегі және халықаралық деңгейдегі білім беру мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Осыдан бұрын Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған шығындар 19% өскенін жаздық.