Еліміздің Әнұранын Жапония төрінде ойнатамын деп армандаған едім — Аделина Земс
НАГОЯ.KAZINFORM — Қазақстандық жеңіл атлет Аделина Земс Жапонияда өтіп жатқа ХХ жазғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алғаннан кейін Kazinform тілшісіне сұхбат берді.
Отандасымыз чемпиондыққа бір табан жетпей қалғанын өкінішпен жеткізді.
- Жапония, арена атмосферасы маған қатты ұнады. Осы жерде кәсіпқой мансабымда ең үздік нәтижені тіркедім. Азиадаға алтын медаль үшін келдім, еліміздің Әнұранын Жапония төрінде шырқатуды армандаған едім. Алайда күміс бұйырды. Мен қолымнан келгенін жасадым, - деді спортшы.
Аделина Азия ойындары алтын жүлдесі өзі үшін айрықша маңызды екенін айтты.
- Қарсыласым БАӘ спортшысымен халықаралық жарыстарда көп кездесіп жүрміз. Осыған дейін мен жабық кешендегі Азия чемпионатында төрт рет топ жарып, Азия чемпионатында күміс және қола жеңіп алдым. Бұл – бірінші Азия ойындары жарыс жолына шығуым. Сол себепті алтын медаль қатты қаладым, оның мен үшін маңызы айрықша еді. Алда тағы ұлкен бәсекелер күтіп түр. Мен сол байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғағым келеді, - деді ол.
Сөз соңында қазақстандық желаяқ бапкеріне және қолдау көрсеткен Қазақстан халқына алғысын айтты.
Еске салайық, қазақстандық жеңіл атлет Аделина Земс бүгін әйелдер арасында 400 метрге кедергі арқылы жүгіруден ақтық сында 54.58 секунд уақытта мәре сызығын екінші болып кесті.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Алексей Чуркин және Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Азиаданың күміс жүлдегері атанған болатын.