Еліміздің әрбір үшінші тұрғыны қазір жастар санатына кіреді

Еліміздің әрбір үшінші тұрғыны жастар санатына кіреді
Фото: Kazinform

2023 жылы Қазақстанда жастар саясаты саласындағы заңнамалық база жаңартылды. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер енгізілді.  Жастардың шекті жоғарғы жасы 35-ке дейін көтерілді. Қазақстан мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, жастар саясатын іске асыру саласындағы басты бағдарға айналды, деп хабарлайды Kazinform.  

Жастар саясаты саласындағы осындай өзгерістердің нәтижесінде жастар саны 2 миллионға артып, 5 726 629 адамға жетті. Халықтың жалпы құрылымында еліміздің әрбір үшінші тұрғыны қазір жастар санатына кіреді.

«Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасының авторлық ұжымының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы Айгүл Көшербаева жастар құрылымындағы өзгерістер мен елдің экономикалық секторына әсері туралы айтып берді.

«Кейінгі бес жылдағы жас диапазонының өзгеруін ескере отырып, жастар санын қайта есептегеннен кейін динамика өткен жылдан бастап жастардың өсу бағытындағы айқын үрдісті көрсетеді. Республикада жастардың ең аз саны (5 662 790 адам) 2021 жылға келеді, осыдан кейін өсу үрдісі басталды», – дейді сарапшы.

Жастар 1990-2000 жылдардағы туу деңгейінің төмендігі мен қарқынды эмиграцияға байланысты «демографиялық шұңқырда» болып келген. Алайда алдағы екі-үш жылда 2010-2011 жылдары туған азаматтардың есебінен жастар саны күрт артады деп күтіліп отыр. 

жастары
Фото: Kazinform

«Парето механизміне сәйкес, 2011 жылы туған ұрпақ «жастар шоқысының» триггері болуы мүмкін, яғни олар қазір – 12 жастағы балалар. Бұл жастарды жұмыспен қамтудың арнайы шараларын әзірлеу қажеттілігіне алып келеді. Ал ұзақ мерзімді перспективада жастардың жаңа тобы халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне, атап айтқанда, зейнетақы жүйесіне қысым жасауы мүмкін. Сондықтан қазірден реттеу шараларын қабылдау маңызды», – дейді сарапшы.

Айгүл Көшербаеваның пікірінше, қазіргі уақытта қазақстандық жастар үшін басты проблемалардың бірі – жұмыспен қамту және кәсіби даму мәселесі. «Жастар, әдетте, еңбек қызметінің субъектісі ретінде толық қалыптаспағандықтан, ол жұмыстағы кез келген өзгерістерді оңай қабылдайды, өзінің функциялық міндеттерінің үнемі өзгеруіне бейімделеді. Сонымен қатар жастар еңбек қызметінің бастапқы кезеңінде кәсіби өсу мен мансап перспективалары үшін қолайсыз еңбек жағдайларын елемеуге дайын. 

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әлеуметтанулық зерттеулеріне сәйкес, жұмыс орнын таңдау кезінде жастар үшін ең маңызды топ 3 факторға жалақы деңгейі мен қосымша жеңілдіктер – 45,3%, кәсіби өсу мүмкіндігі – 40,8%, тұрақтылық пен сенімділік 27,3%», – дейді сарапшы.

Атап өтейік, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы реті бойынша он бірінші «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасын дайындап шығарды. Баяндамада жастардың өмірінің негізгі салаларындағы жай-күйі мен әл-ауқатын талдау қамтылған. Есептің толық нұсқасымен eljastary.kz сайтында танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар