Еліміздің бірқатар өңірінде архив қоймалары салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің бірқатар өңірінде архив қоймалары салынады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Бүгінгі күні архивтерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және көрмелерге қою үшін берілетін құжаттарды цифрландыруға басымдық берілуде. 2024 жылы цифрландырылған құжаттардың үлесі 10,8 пайызды (579 011 сақтау бірлігі) құрады. Барлығы 2 654 404 сақтау бірлігі цифрландырылды. Архив саласын қаржыландыру ұлғайтылып, құжаттарды цифрландыру және сақтау қорын құру үшін 1 000-нан астам жаңа техника, компьютер және басқа да ұйымдастыру техникасы сатып алынды, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының өңірлерде архив ғимараттарын салу қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау аясында 2025 жылы орталық мемлекеттік архивінің 700 мың сақтау бірлігіне архив қоймасының құрылысын салу үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 4 аудандық архив (Маңғыстау облысының Жаңаөзен аудандық архиві, Жамбыл облысының Қордай және Жамбыл аудандық архивтері, Ақтөбе облысының Темір аудандық архиві) пайдалануға берілді.
- Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарында және басқа да өңірлерде жер учаскелері бөлінді. Жамбыл облыстық архивінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, жер учаскелері бөлінген 5 облыстық архивте инженерлік коммуникацияларды жүргізуді жүзеге асыруға техникалық шарттар әзірленуде, - деді ол.
Олжас Бектеновтің дерегінше, Қызылорда облысында 3 аудандық архив «Руханият» мәдени орталықтарының ғимараттарына көшірілді, 4 аудандық архивті көшіру жоспарланып отыр.
- Сондай-ақ «Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі» дерекқорында өңірлерде архив ғимараттарын салу кезінде бірнеше рет пайдалану үшін «Дайын құрылыс жобаларының тізілімінде» 200 мың және 500 мың сақтау бірлігіне арналған үлгілік жобалық-сметалық құжаттама қолжетімді. Ақтөбе және Атырау облысының архивтеріне – 1 млн, Жамбыл облысының архивіне – 1,5 млн сақтау бірлігіне арналған жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Ол қайта пайдалану үшін тізілімге енгізілетін болады.
Аталған бағытта жұмыстар жалғастырылуда, - деді Премьер-министр.
Бұған дейін Ұлттық және Орталық мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебе берілетіндігін жазған едік.