Еліміздің бірнеше өңірінде жаңа стадион салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласында тағы жеті қалада жаңа стадион салынады. Бұл жаңалықты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бөлісті.

- Алматыда жаңа стадион құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ жеті қалада жеті стадион салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Биыл күзде Қызылордада УЕФА стандартының үшінші санатына сай келетін стадион пайдалануға беріледі, - деді Ербол Мырзабосынов Парламенттің бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Оның айтуынша, аталған бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынды.
- Жобалау жұмысы аяқталғаннан кейін стадиондардың құны белгілі болады. Жалпы Мемлекет басшысы шетелдегі жекеменшік клубтардың тәжірибесіне сүйене отырып, стадионды мемлекеттік қаржы есебінен қаржыландырмау жөнінде міндет қойды, - дейді ведомство басшысы.
Бірнеше күн бұрын Алматыда 35 мың орындық жаңа стадион қайда салынатыны белгілі болған еді.
Сондай-ақ Қызылордада UEFA стандартындағы жаңа стадион құрылысы аяқталуға жақын.