Еліміздің геологиялық ақпараты келесі жылы толықтай цифрландырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің геологиялық ақпараты келесі жылы толықтай цифрландырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты. 

Еліміздің геологиялық ақпараты келесі жылы толықтай цифрландырылады
Фото: Геология комитеті

— Бүгінде Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасын іске қосу нәтижесінде сала ашық, басқарылатын және қолжетімді бола түсуде. Аталған платформада өтінім беруден бастап, лицензия алуға дейінгі толық цифрлық цикл қарастырылған. Жалпы платформада 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Электронды аукциондар мен бонустарды онлайн төлеуге мүмкіндік беретін «электронды әмиян» сервисі іске қосылған. Осы жылы жүйеде 94 пайыз, яғни 5,5 мыңнан астам келісімшарт пен лицензия цифрландырылды. 730-ға жуық лицензия берілді. 4 аукцион өткізіліп, бонустан 45 миллиард теңге бюджетке түсті, — деді Иран Шархан.

Сонымен қатар, вице-министр енді лицензиялар мен келісімшарттар бойынша есептердің 89 пайызы онлайн қабылданатынын айтты. Соның арқасында міндеттердің орындалуы автоматты түрде бақыланып, тексерудің тиімділігі артқан.

— Қазір бірыңғай платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепті онлайн алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты да цифрландыру жүргізіліп жатыр. Бүгінде оның 73 пайызы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін 97 пайызға жетеді. Толық цифрландыруды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр, — деді ол.

Айта кетейік, Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру шаралары, сонымен қатар халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар