Еліміздің қалаларында жүк көліктерінің жүруіне тыйым салына ма – ІІМ жауабы

АСТАНА.KAZINFORM – Бұл мәселе жөнінде Ішкі істер мнистрінің орынбасары Санжар Әділов Парламент Мәжілісінде өткен брифингте мәлімдеді.

жүк
Фото: Ақорда

Еске салайық, жуырда елордада кәмелетке толмаған велосипедшіні жүк көлігі қағып, мерт еткен еді. Сондай-ақ, Шымкентте де 11 жастағы бала жүк көлігінің астына түсіп, қаза тапты.

Санжар Әділов, алдымен, осы жайттарға тоқталды.

– Аталған фактілерге байланысты ҚР ҚК 345-бабы бойынша бірден қылмыстық істер қозғалды. Жүргізушілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот-автотехникалық сараптама жүргізу үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Жақында тергеу аяқталады, – деді ол.

Сонымен бірге, журналистер Әділовке шаһарларда ауыр техниканың жүруіне тыйым салуға қатысты сұрақ қойды.

– Жүк көліктерінің қала аумағында қатынау тәртібі жол жүру ережелерінде қамтылған. Бүгінде еліміз әлеуметтік -экономикалық тұрғыда қарқынды дамып жатыр. Сол себепті, жүк көліктеріне қалаға кіруге және шаһар ішінде жүруге толықтай тыйым салу мүмкін емес. Өйткені, олар құрылыс және инфрақұрылымды дамыту секторларында үлкен жұмыс атқарады, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Оның сөзінше, жол жүру ережелерін қатаң сақтаған жағдайда «соқыр аймақ» немесе басқа да жағдайлар қылмыстық жауапкершіліктен босауға негіз бола алмайды.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жүк көлігі велосипед мінген баланы қағып кеткенін жазғанбыз.

Сонымен қатар, елімізде кейінгі жылдары ірі жүк көліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеу себебін Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында түсіндірді.