Еліміздің қай өңірінде қауын-қарбыз арзан

АСТАНА. KAZINFORM — Жаздың аптап ыстығы басталып, қауын-қарбыз сатуға шығарылды. Еліміздің басым бөлігінде бақша өнімінің бұл түрі әлі пісе қоймаса да базарда таңдау көп. Әсіресе оңтүстік өңірлер мен өзге елден жеткізілген қауын-қарбыз сұранысы күн санап артып келеді. Kazinform тілшісі қауын-қарбыз бағасы қанша екенін саралап көрді.

п
Фото: Kazinform/ЖИ

Жаз басталып, дүкендер мен базарларға бақша өнімдері қойылды. Әрине, қазір баға жоғары болып тұр. Соған қарамастан адамдар қауын мен қарбыздың дәмін татып үлгерді. Баға неге жоғары? Оған логистика әсер етеді. Қазір бақша өнімі өңірлерге Түркістан облысы мен Өзбекстаннан тасымалданып жатыр. Бір айта кетерлігі, қауын-қарбыз жаппай піскен кезде баға төмендеп, көпшілікке қолжетімді болады. Бұл — шілде мен тамыз айлары және күзде.

Мамандардың айтуынша, қауын-қарбыз шілде айының соңынан бастап піседі, яғни жергілікті өнімді тамыз бен қазан айлары аралығында сатып алып, тұтынған абзал. Содан болар көпшілік «құрамында нитрат болуы мүмкін» деп күдіктенеді және жаздың ортасы мен күзді күтеді. Ал сарапшылар болса маусым айындағы қарбыздың бәрі қауіпті деген пікірді жаңсақ деп есептейді. Қазақстан нарығына шығарылатын өнімдер эпидемиологтардың бақылауынан өтеді. Тек қарбыз бен қауынды ресми сауда орындарынан сатып алған жөн. Сатушы өнімнің құжаттарын көрсетіп, сапасын растай алуы керек.

Бақша өнімдерін автожолдардың бойынан немесе даладағы беймәлім сауда орындарынан сатып алмауға кеңес береді. Сондай-ақ бетінде жарығы, ойығы немесе бұзылған белгісі бар қауын-қарбыздан бас тартқан дұрыс. Жемес бұрын алдын ала мұқият жуады, ал кесілген өнімді тек тоңазытқышта сақтайды.

Қазіргі таңда елімізде қарбыздың келісі шамамен 250-300 теңге аралығында. Салмағы 7-8 келі болатын орташа қарбыз шамамен 2 мың теңгеге шығады. Бір қарағанда бұл аса қымбат емес. Алайда кейбір тұтынушылар арзандау қарбыздарға күмәнмен қарап, «су татып тұр» деген болжам жасайды.

Ең арзан қарбыз елдің оңтүстігінде сатылады. Оның ішінде Түркістан мен Шымкентте. Мұнда оның келісі небары 200 теңге. Қостанай, Қызылорда, Семей және Қарағандыда қарбыздың келісі 230-250 теңге аралығында. Ақтау, Көкшетау, Петропавл және Астанада баға келісіне 270 теңгеден басталады. Ал Павлодар, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған және Тараз тұрғындары қарбыздың әр келісі үшін кемінде 300 теңге төлейді. Ең қымбат қарбыз Талдықорған мен Оралда сатылып жатыр. Келісі 350 теңгеден басталады. Ал Өскеменде оның келісі 450 теңгеге дейін жетеді.

Қауын бағасы одан да жоғары. Қазір елдің барлық өңірінде хош иісті әрі бағасы салыстырмалы түрде арзан «май қауын» сұрпы сатылымға шыққан. Бағасы «Торпедо» қауынына қарағанда арзан болғанымен, айырмашылығы көбіне 100 теңгеден аспайды.

Жаздың басында ең арзан қауын Өскеменде (келісі 250 теңге), Алматыда (260 теңге) және Түркістанда (270 теңге) сатылып жатыр. Ал басқа өңірлердің басым бөлігінде қауынның келісі 400-800 теңге аралығында. Петропавл, Шымкент, Көкшетау және Қостанайда қауынның келісі — 400-430 теңге. Павлодарда баға 500 теңгеден, ал Астанада 550 теңгеден басталады. Қызылорда, Ақтөбе, Талдықорған, Қарағанды және Оралда қауынның келісі шамамен 600 теңге. Ең қымбат қауын әзірге Тараз, Жезқазған және Атырауда сатылып жатыр. Келісі — 700 теңге. Ал Ақтауда 750 теңгеден басталады.

Еліміздің қай өңірінде қауын-қарбыз арзан
Инфографика: Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін көкөністен дайындалған салқын көже бағасын зерделеп көрдік. Сонымен қатар балмұздақ бағасын да білдік.