Еліміздің қай өңірінде ірі қара көп
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдарда ауыл тұрғындарының ешкі өсіруге ниетті емес екенін статистикаға сүйенбей-ақ ауылға барған кезде көз жеткізуге болады. Жылқы ұстауға бәрінің бірдей шамасы жете бермейді. Қойдың бағасы пандемия кезінде күрт өсіп, тұрғындар ұсақ малды өсіруге қайтадан қызығушылық таныта бастады. Ал елімізде Зеңгі баба түлігінің ахуалы қандай?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің агенттік тілшісіне берген мәліметінше, биыл 1 қаңтарға дейін елімізде 8,6 млн ірі қара тіркелген. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8%-ға жоғары.
— Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы ірі қара саны 4,4 миллионға тең. Жеке аулада 4,2 млн бас бар. 1990 жылдары ірі қара саны 9,7 млн басты құраған болатын. 2000 жылдары біршама азайып, 4,1 млн бас тіркелді. Бүгінде ірі қара саны 20 жыл ішінде 2 есе артып отыр, — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Өңірлерге тоқталсақ, Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл аймақта 1 082,7 мың бас ірі қара бар екен.
Батыс Қазақстан облысында — 856,7 мың бас, ал Абай облысында 696,6 мың бас сиыр тіркелген.
Сондай-ақ, Ақмола облысында — 453,2 мың бас, Ақтөбе облысында — 669,2 мың бас, Алматы облысында — 657,3 мың бас, Атырау облысында — 203,7 мың бас, Жамбыл облысында — 530,2 мың бас, Жетісу облысында — 515,5 мың бас, Қарағанды облысында — 486,4 мың бас, Қостанай облысында — 477,3 мың бас, Қызылорда облысында — 409,7 мың бас, Маңғыстау облысында — 21,4 мың бас, Павлодар облысында — 480,1 мың бас, Солтүстік Қазақстан облысында — 379,9 мың бас, Ұлытау облысында — 149,3 мың бас, Шығыс Қазақстан облысында — 439,6 мың бас, Шымкент қаласында — 97,6 мың бас ірі өсіріледі.