Еліміздің қай өңірінде туристер саны басым
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша Қазақстанның туризм саласында тұрақты оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Кәріпбаев Нұртас Ғалымұлы хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, ішкі туризм белсенді түрде дамып келеді.
— Ішкі туризм бойынша орналастыру орындарында қызмет көрсетілген азаматтардың саны 3,9 млн адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 500 мыңға көп. Ішкі туристер санының айтарлықтай өсуі әсіресе Алматы облысында (+56%), Қызылорда облысында (+54%) және Ақтөбе облысында (+40,8%) тіркелді, — деді Н.Кәріпбаев.
Сондай-ақ спикер шетелден келген туристер санының да артқанын атап өтті.
— Жалпы алғанда, әртүрлі туристік мақсаттармен елімізге 7,5 млн шетелдік қонақ келді. Бұл сан жұмыс бабымен немесе тұрақты тұру мақсатында келгендерді қоспағанда анықталған. Аталған көрсеткіштің ішінде 5 млн адам елімізде бір күннен артық уақытын өткізген, сондықтан оларды біз шетелдік туристер ретінде топтастырамыз, — деді комитет төрағасы.
Туристік нысандардың табысы да өсіп отыр. Қонақүйлер, демалыс базалары, хостелдер және басқа да орналастыру орындарының жиынтық кірісі 151 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 25%-ға жоғары көрсеткіш.
— Еліміздегі орналастыру орындарының жалпы саны 4 442 нысанға жетті (өсім — 255 нысан). Олардың бірмезгілде қабылдау сыйымдылығы 232 мыңнан астам төсек-орынды құрап отыр (өсім — 12 мың төсек-орын), — деді Нұртас Кәріпбаев.
Өңірлер бойынша орналастыру орындарының ең жоғары өсімі Жетісу облысында (+11%), Қарағанды облысында (+13%), Шығыс Қазақстан облысында (+11%) және Шымкент қаласында (+10%) байқалды.
Сонымен қатар туризм саласына құйылған инвестициялар көлемі де айтарлықтай өскен.
— Инвестициялар көлемі 27%-ға артып, 592 млрд теңгені құрады. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында (+626%), Ақтөбе облысында (+241%), Атырау облысында (+214%) және Қызылорда облысында (+97%) тіркелді, — деді комитет төрағасы.
Бұған дейін Қазақстанда да ішкі және сыртқы туризм көрсеткіштері жылдан-жылға артып келеді. Еліміздің экотуризм, тау-шаңғы, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық, іскерлік, тіпті ғарыш туризмінде әлеуеті зор екенін жазғанбыз.