Еліміздің колледждері педагог-ассистент дайындайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Кадр тапшы өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленді
Фото: inva.kz

Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және мектептерде инклюзивті білім беру ортасын құру бағытында жұмыстар жүргізуде. Мұндағы маңызды қадамның бірі - педагог-ассистент мамандарын даярлау болып табылады. 

Қазіргі уақытта психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру есебінде (ПМПК) ерекше білім беруді қажет ететін 203 мың бала бар. Олар 496 арнайы білім беру ұйымдарында оқиды. Білім беру ұйымдарында инклюзивті орта қалыптастыру үшін айтарлықтай жұмыстар жүргізілді: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін балабақшалардың 69%-да, мектептердің 88%-да және колледждердің 80%-да жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жасақталған кабинет жұмыс істейді.

«Еліміздің мектептерінде «педагог-ассистент» лауазымы енгізіліп, мамандар саны бір жылда 1000-нан 2,5 мыңға дейін артты. Педагог-ассистент лауазымын мектепке дейінгі ұйымдарда енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 9 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді. Мамандарға деген қажеттілікті ескере отырып, келесі оқу жылынан бастап еліміздің колледждерінде «педагог-ассистенттер» дайындау қолға алынуда», - дейді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бұтабаева.

«Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін білім алу жағдайын жақсарту және білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады»,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігіне ата-аналардан «Күнделік» электрондық журналында жарнамалық контентке қатысты көптеген шағым түскені туралы жаздық.