Еліміздің мемлекеттік қарызы өсіп барады - сенатор
АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектеновке мемлекеттік қарыздың өсіп бара жатқаны және еліміздің қаржы ресурсын басқаруды жақсарту қажеттігі туралы сауал жолдады.
Депутат өзінің сауалында бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеп соғатын, кіріспен расталмаған мемлекеттік шығыстың ұлғаюы – мемлекеттік қаржының өзекті мәселесінің бірі екенін атап өтті.
С.Мәкежановтың мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік борыш жалпы ішкі өнімге шаққанда 21,3 пайызды құраған. Бұл тұрғыда бекітілген лимит бойынша мемлекеттің қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 32 пайыздан аспауы керек. Жалпы, биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік борыш 1,6 трлн теңгеге өсіп, 28,7 трлн теңгеге жетті.
Сенатор қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі әзірге қолайлы деңгейде тұрғанын айта келе, алайда мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығынының өсуіне бұдан әрі жол бермеу керек екенін жеткізді.
«Мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге арналған шығыстар 2014 жылдан бастап жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін өсті... Одан басқа, 2025 жылға қарызды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге 6,1 трлн теңге бөлу көзделген. Бұл өз кезегінде Ұлттық қордан берілетін трансферттерді есепке алмағанда, республикалық бюджет кірісінің 38%-ын құрайды», - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.
Депутат осыған байланысты Үкіметке қарызды өтеуге жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың қарқынына мониторинг пен бақылауды күшейтуді және жиынтық мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борышын басқарудың нақты тұжырымдамасын айқындауды ұсынды.
«Қазіргі қарыздардың тиімділігіне мониторинг жасау мен жаңа қарыздардың орындылығын талдауға, сондай-ақ олардың игерілуіне бақылауды күшейту қажет. Қарыз алуға шектеудің жеткілікті екендігі туралы мәселені қарастыру қажет», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мемлекеттік қарызға қатысты түсінік берді.
Оның айтуынша, мемлекеттің борышы жалпы ішкі өнімге шаққанда 23 пайыздан асқан.