Еліміздің оңтүстігінде боран соғып, күн аяздайды

АСТАНА.KAZINFORM — Шымкент пен Түркістан облысында ауа температурасы 20 градусқа дейін төмендейді.

Еліміздің оңтүстігінде боран соғып, күн аяздатады
Фото: Семей орманы

Шымкентте жаңбыр соңы қарға ұласып, бұрқасын соғып, ауа температурасы 4-6 градус аязға дейін төмендеді. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батыстан соғады, екпіні 25 м/с жетеді.

— Бейсенбі, 23 қаңтарда облыста ауа райы құбылмалы, бұлтты болады. Түнде қар жауады. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысады, күші 8-13 м/с. Ауа температурасы түнде 14-16, күндіз 8-10 градус аяз болады. 24 қаңтарда да құбылмалы бұлтты болады. Солтүстік-шығыстан 8-13 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде -18-20, күндіз -7-9 градус, — дейді инженер-синоптик Әсем Нұрлыбаева.

Түркістан облысында қар түріндегі жауын-шашын күтіледі, кей жерлерде бұрқасын, көктайғақ болуы мүмкін. Бұл құбылыстардың барлығы желдің күшеюімен бірге жүреді. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, екпіні 20 м/с жетеді.

Таулы және тау етегіндегі аудандарда, сондай-ақ облыстың солтүстігі мен батысында екпіні 23-28 м/с, таулы асуларда желдің жылдамдығы 30 м/с-тан асады.

Аймақта ауа температурасы -2 градустан -7 градусқа дейін ауытқып тұрса, таулы аймақтарда термометр көрсеткіші -10-ға дейін төмендеген. Алдағы күндері ауа температурасы төмендей береді, кей жерлерде -25 градусқа дейін аяз болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның барлық аумағында жел күшейіп, бұрқасын соғатынын, тұман түсетінін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар