Еліміздің сайлау жүйесінде тың серпіліс байқалады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде соңғы уақытта сайлау жүйесі жаңа қарқын алып жатқанын аңғаруға болады. Ауыл әкімдерін тұрғындардың өздері сайлауы, бюллетеньдегі өзгерістер, тағысын тағы қоғамның сайлауға қатысты сауатын арттыра түскендей.

сайлау
Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы

Осы ретте, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстанның сайлау жүйесін дамытудың өзекті трендтері» тақырыбында сөз сөйледі. Іс-шараға студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері, сондай-ақ ОСК хатшысы, мүшелері, комиссия жанындағы Сарапшылық кеңесінің, еліміздің бірқатар өңірінің аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Дәріс кезінде Н.Әбдіров 1993 жылғы 8 желтоқсанда елдің Орталық сайлау комиссиясы құрылған сәттен бас­тап Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде елдің сайлау жүйесі мен сайлау органдарының дамуы және трансформациялануы мәселелеріне тоқталды.

«Осы күннен бастап комиссия орталық деңгейде жұмыс істейтін тұрақты инстанция­ға, мемлекеттік басқарудың толыққанды органына айналды», - деп атап өтті ол.

1995 жылы ОСК өкілеттік­терін белгілеп берген «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қабыл­данды. Комиссия сайлау органдарының бірыңғай жүйе­сін басқарды және құрылған кезінен бастап мемлекеттік биліктің заңды институттарын қалыптастыруға тікелей қатыса отырып, Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты болды.

Көптеген беделді халықара­лық ұйымның белсенді мүшесі бола отыра, Қазақстан еркін және бәсекелестік сайлау өткізуде барлық міндеттемесін ұстанады. Мемлекет басшысы, Парламент және мәслихат депутаттары, сондай-ақ әкім­дердің сайлауы елімізде ұлт­тық заңнамаға және Адам құқық­тарының жалпыға бірдей дек­ларациясында (1948 жыл), Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде (1966), ЕҚЫҰ Копенгаген Кеңесінің Құжатында (1990) қамтылған демокра­тия­лық сайлаудың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына сәй­кес өтеді. ОСК төрағасы атап өткендей, бүгінде азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуына кепілдік беретін толыққанды заңнамалық база құрылды.

Еліміздің сайлау органдары осы жылдарда маңызды 39 ірі елдік электоралдық науқан өткізді. Сондай-ақ бес елдік науқан – ел Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президент, Сенат депутаттарын, Мәжіліс депутаттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлаулар бір жыл ішінде өткізілді. 2021 жылы енгізілген сәттен бастап сайлау комиссия­лары екі мыңнан аса (2144) ауыл әкімдерін сайлау науқа­нын ұйымдастырды. Бұл ауыл деңгейіндегі әкім­дердің жалпы санының 91,5%-ын қамтиды. Өткен жыл­дың соңында алғаш рет қанат­қақ­ты режімде аудандар мен об­лыс­тық маңызы бар қалалар­дың 45 әкімін тікелей сайлау өтті.

Бүгінде еліміздегі сайлау үдерісі бүкіл саяси жүйемен бірге дамуын және реформалануын жалғастырып келеді. Н.Әбдіров дәріс барысында 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда жалпыхалықтық қолдау тапқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформасына байланыс­ты сайлау заңнамасының ір­гелі жаңалықтары туралы айтып берді.

«Орталықта және жергілікті жерлерде мем­ле­кеттік билік пен бас­қару орган­дарына лауазымды тұл­ғаларды сайлаудың түбегейлі жаңа тәртібі белгіленді», - деді ол.

Ортсайлаукомның басшысы саяси реформалар тақырыбын да қозғады, оның ішінде сайлау бәсекелестігі үшін алаңды едәуір кеңейткен саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету бар. ОСК-нің транспарентті жұмыс форматына көшкенін атап өткен ол: «Ұлттық және халықаралық институттармен байланыстың жаңа арналары жолға қойылды. 2022 жылы құрылған ОСК жанындағы диа­лог алаңдары – Сарапшылық кеңес және Жас сайлаушылар клубы қарқынды дамып келеді, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтама­сыз ету жөніндегі жұмыс тобы­ның қызметі қайта форматталды. Сарапшылық кеңес алаңын­­­да елдегі сайлау барысын халықаралық байқау қорытындыларын кеңінен, жан-жақты және ашық талқылау дәстүрі қалыптасып келеді», - деді.

Сонымен қатар ОСК мү­ше­­­лерінің сайлау науқан­дары барысында, сай­лауа­ра­лық кезеңдерде өңір­лердің жұртшылығымен және жас­тарымен тұрақты тікелей, а­шық диалог форматы құ­ры­лып келеді. Н.Әбдіров дәріске қатысушыларға сайлау саласындағы халықаралық қатынастардың дамуы туралы айтып берді. Мәселен, бүгінгі таңда 11 елдің орталық сайлау органдарымен ынтымақтастық туралы екіжақты құжаттарға қол қойылған.

Комиссияның стратегия­лық миссиясына тоқталған Н.Әбдіров: «Міндетіміз – өт­кен жолды түсіну, сондай-ақ Пре­зи­денттің саяси реформасын ескере отырып, сайлау органдарының бүкіл жүйе­сімен бірге ОСК даму перспек­тиваларын айқындау», - деді.

Соңғы жаңалықтар