Еліміздің ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы $37,3 млрд-ты құрады

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Минск қаласында (Беларусь Республикасы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Олжас Бектенов Минскіде өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырыстарына қатысты
Фото: Үкімет

Жиынға Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-министрі – ТМД ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің төрағасы Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гельдымырадов, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев барды, ал Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.

Олжас Бектенов Минскіде өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырыстарына қатысты
Фото: Үкімет

Шағын форматта делегация басшылары ғылыми-технологиялық саладағы ынтымақтастық пен экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері туралы пікір алмасты.

Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде ТМД ынтымақтастық пен бірлескен өзара тиімді шешімдер үшін сенімді алаң болып қала беретінін атап өтті. Достастық елдерінің ЖІӨ-дегі жиынтық көлемі жыл сайын орта есеппен 4,5%-ға өсіп отыр. Бес жыл ішінде ішкі сауда 40%-ға артты. Өткен жылы еліміздің ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы $37,3 млрд-ты құрады, соның ішінде қызметтер саудасының көлемі 9,4%-ға артып, $4,3 млрд-қа жетті. Тұрақты өсу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайта түсу маңызды. Бұл ретте мүше мемлекеттердің биржалық сауда тетіктерін жетілдіру бойынша жүргізіп жатқан кешенді жұмысы іскерлік белсенділікті ынталандыруға қосымша серпін береді. Экономиканың қарқынды өсуін қамтамасыз ету үшін цифрлық трансформацияны арттыру және жасанды интеллектіні енгізу саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылып отыр.

Олжас Бектенов Минскіде өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырыстарына қатысты
Фото: Үкімет

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында Қазақстанның толыққанды цифрлық елге айналуын таяудағы үш жылдың стратегиялық басымдығы ретінде айқындап берді. Біз мемлекеттік басқарудың барлық саласын қамтитын цифрлық күн тәртібін қарқынды түрде дамытып жатырмыз. Бұл түрлі әлеуметтік мәселені және азаматтардың күнделікті өмірінің көптеген аспектісін шешуге мүмкіндік береді. Біз отандық цифрлық өнімдерді экспорттауға ерекше назар аударамыз. Қазақстан жинақтаған тәжірибесін шетелдік серіктестерімен кеңінен бөлісіп келеді, Достастық бойынша әріптестерімен де осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытуға дайын, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

ТМД
Фото: Үкімет

Осыған дейін Қанат Бозымбаев Alatau City жобасының даму барысымен танысқаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар