Елімізге 2030 жылға дейін тағы 23 Airbus ұшағы жеткізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының паркі 2030 жылға дейін тағы 23 Airbus ұшағымен толығады. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Германия Федералдық көлік министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Штефан Шноррмен кездесуде мәлімдеді.
Кездесу ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі 7-ші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында өтті. Тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, әуе қатынасын кеңейту және еуропалық авиа өндірушілермен әріптестік мәселелерін талқылады.
Талғат Ластаев Қазақстан мен Airbus арасындағы көпжылдық әріптестікке тоқталды. Қазір Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының паркінде 65 Airbus ұшағы бар. Оның 36-сы Air Astana-ға, 29-ы FlyArystan-ға тиесілі. Екі компания да негізінен Airbus A320 ұшақтарын пайдаланады.
Әуе паркін жаңарту жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанға тағы 23 Airbus ұшағы жеткізіледі.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы маусымда Брюссельде Air Astana мен Airbus арасында A320neo тобына жататын 50-ге дейін ұшақ сатып алу туралы келісім жасалған. Оларды жеткізу 2031 жылдан басталады.
Кездесуде авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру саласындағы ынтымақтастық та сөз болды. Тараптар Қазақстан мен Германияның құзыретті органдары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін жаңа келісім жасау мәселесін пысықтауға келісті.
Еске салайық, мұның алдында Қазақстанның жүк тасымалдайтын алғашқы Airbus ұшағы қарашада жеткізілетінін жазғанбыз.