Елімізге еңбек мигранттары қай елдерден келіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір шетелдік еңбек мигранты мәселесі тұрақты болғанымен, алдағы бірнеше жылда сырттан келген мигранттар мен жергілікті халық арасындағы әлеуметтік шиеленістер туындауы мүмкін.

Бұл пікірді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты — қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали келтірді.
— 2009 жылы жалпы ішкі мигранттардың саны 800 мың адам болса, 2014 жылы 3 млн адамға жеткен. Бейресми қоныс аударуды ескерсек, бұл сан 4 млн адамға дейін жетуі мүмкін, яғни еліміздің әрбір алтыншы азаматы жыл сайын тұрғылықты жерін ауыстырады деген сөз. Бұл үдерістің әлі де реттелмеуі алаңдатушылық тудырып отыр. Мемлекет миграцияның салдарымен жұмыс істеп жатыр, бірақ оның нақты құралы әлі жеткіліксіз. Сондықтан қазір тіркеуді күшейту немесе қалаға көшуді шектеу мәселесі көтеріліп жатыр, — деді ол.
Одан әрі институт басшысы көші-қон құрылымының өзгеріп келе жатқанын тілге тиек етті.
— Бұрын қоныс аударушылардың ішінде негізінен қазақтар мен славян этностары басым болса, соңғы жылдары бұл қатарға өзбектер, ұйғырлар, дүнгендер, тәжіктер мен күрттер де ішкі миграцияға қосыла бастады. Бұл қозғалыстардың себебі өздеріне қолайлы жағдай жасауға тырысады. Жаңа қоныстанған жерлерде этностарға тән инфрақұрылым қалыптасып жатыр. Славян этностарының көші-қонының сапалы трансформациясы байқалады, ішкі миграцияға белсенді қатысып жатыр, — дейді Дінмұхаммед Ғали.
Сондай-ақ, спикер сырттан келетін еңбек миграциясы мәселесіне тоқталды.
— Соңғы екі жылда елімізде көші-қон қарқын алуда, көршілес елдерден әсіресе Тәжікстан мен Өзбекстаннан еңбек мигранттары, соның ішінде Ресейден реэмиграция айқын байқалуда. Олар негізінен ірі мегаполистерге шоғырланып жатыр. Қазір жағдай тұрақты болғанымен, алдағы бірнеше жылда сырттан келген мигранттар мен жергілікті халық арасындағы әлеуметтік шиеленістердің туындау қаупін жоққа шығаруға болмайды. Аталған демографиялық өзгерістермен қатар белгілі бір әлеуметтік қиындықтар да байқалуда, атап айтқанда қоныс аударушылардың тіркелмеуі, білім беру және медициналық қызметке қолжетімсіздік, бейімделу деңгейінің қиындығы, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен әлеуметтік қашықтықтың сақталуы өзекті, — дейді ол.
Бұған дейін елімізден қандай сала мамандарының кетіп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Одан бөлек, жиын барысында қазақстандықтардың солтүстік өңірлерден көшуі жалғасып жатқанын айтылды.
Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде «Демографиялық өсу –ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында былтыр өткен Үкімет сағатында қабылданған ұсынымдарды іске асыру қорытындыларын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті.