Елімізге тікелей шетелдік инвестициялар тарту төмендеді ме
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық экономика министрлігі елімізге тікелей шетелдік инвестициялар тарту мәселесі бойынша Kazinform агенттігінің ресми сұрауына жауап берді.

– Жаһандық нарықтағы белгісіздік пен жетекші экономикадағы өндірістік және инвестициялық белсенділіктің төмендеуі аясында Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында нақты шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар реттеуші саясатты жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою және экономиканың негізгі салаларында капитал тарту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, - деп мәлімдеді министрлік.
Ведомстваның ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда Инвестициалық штаб шеңберінде елдің инвестициялық әлеуетін арттыруға кедергі келтіріп отырған тосқауылдарды жою және жаңа мүмкіндіктер ашу бағытында белсенді жұмыс атқарылып жатыр.
– Трансқазақстандық теміржол дәлізін жаңғырту, магистральдық желілердің өткізу қабілетін арттыру бойынша нақты ұсыныстар қарастырылуда. Бұл бастамалар еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, инвестиция тарту мәселесіне серпін береді, - делінген жауапта.
Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 17,2 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде 10,7 млрд доллары өңдеуші емес секторға бағытталған.
– Биыл қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5 952,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,2 пайызға артты. Ал тікелей инвестициялар бойынша 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша деректер 30 маусымда Ұлттық Банктің сайтында жарияланады, - деп нақтылады министірлік.
Осы мәселеге қатысты KAZINFORM тілшісі сарапшы Расул Рысмамбетовтен сұхбат алып, жағдайдың мән-жайын нақтылауға тырысты.
– Қазақстан теңізге шыға алмайтын елдер қатарында. Сондықтан логистика мен транзит бізге ауадай қажет. Осы бағытты мемлекет өзі дамытуы керек, - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі кезеңде ең басты басымдық – экспорттық бағыттарды күшейту.
– Президент те айтты ғой жақында – теміржолдардың мыңдаған шақырымы жаңадан салынады. Бұл – біздің тауарды сыртқа шығарудың жолы. Бізге қазір жұмыс істейтін логистикалық маршруттар қажет, - деді Рысмамбетов.
Сонымен қатар салықтық және реттеуші ынталандыруларға қатысты сарапшы былай деп пікір білдірді.
– Қай салаға инвестиция тартқымыз келеді – соны нақтылап алуымыз керек. Мысалы, ауыл шаруашылығы маңызды сала, бірақ шетелдіктерге жер сатуға тыйым бар. Бұл – орынды шектеу. Дегенмен, егер сырттан технология келетін болса, белгілі бір механизмдер қажет. Ал оған дейін инфрақұрылым мен логистиканы түзеп алу керек, - деді ол.
Сондай-ақ тау-кен металлургия кешені туралы да өз ойын айтты.
– Біз шикізатты экспорттауда тәжірибеліміз. Бірақ енді ең бастысы – дайын өнім өндіру. Қазір шетелдік инвесторлар қайта өңдеуге асықпай отыр. Сондықтан мемлекет бірінші өзі бастамашы болуы тиіс. Сонда ғана сенімді серіктестік орнайды, – деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.
Еске сала кетейік, премьер-министр Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесі қатысушыларымен кездесу барысында Президент белгілеген инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын талқылаған болатын.