Елорда айналасында азық-түлік белдеуін құруға 625 млрд тенге бөлінеді
Күн тәртібіндегі басты мәселе – бас қаланың айналасында азық-түлік белдеуін құру болды. Бүгінгі таңда астанада қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін агроөнеркәсіптік кешеннің 56 субъектісі бар. Бұл ұн тарту кәсіпорындары, нан зауыттары, шұжық өнімдері мен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар, көкөніс базалары және жылыжай кешені.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2025 жылға дейін Нұр-Сұлтанның айналасында азық-түлік белдеуін құру аясында АӨК саласына 625,7 млрд теңге бағытталады. Бұл қаржыға 256 инвестициялық жобаны іске асыру, сондай-ақ оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қуаттылығы жылына 10 мың тонна көкөніс болатын 2 жылыжай кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Мұның барлығы маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының орнын толтыруға және елордалық базарларда бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Министр кездесуге қатысқан кәсіпкерлерді осы жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, министр ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, биылғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады.
Айта кетейік, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесуде министр, сондай-ақ алдағы 3 жылда елімізде 87 жеміс сақтау қоймасы салынатынын айтты.
Кездесуде кәсіпкерлердің бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіретін кәсіпорындар үшін электр энергиясына сараланған тариф енгізуді ұсынды.
Сондай-ақ «Қазақстан май-тоң май одағы» қауымдастығының президенті Константин Невзоров жүк тасымалдау құнының көтерілуіне қатысты мәселені жеткізді.