Елорда іргесіндегі тұрғын үй алаптарында бейнебақылау камерасының саны артады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы тұрғын үй алаптарының қауіпсіздігін қамту мақсатында ондағы бейнебақылау камераларының саны еселене түспек. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Данияр Оралов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда іргесіндегі тұрғын үй алаптарында бейнебақылау камерасының саны артады

«Қала қауіпсіздігімен қатар елорда маңайындағы тұрғын үй алаптарының да қауіпсіздігі де назарда. Осы орайда Кирпичный, Ильинка, Қараөткел секілді тұрғын үй алаптарында бейнебақылау камерасының санын арттыра түсетін боламыз. Сондай-ақ, олардың жұмыс істеп тұрғандығы да қадағаланады.. Жол картасы аясында қала мен оның іргесіндегі елдімекендердегі бейнебақылау камерасының саны көбейе түспек», - деді Данияр Орал Полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкілдің айтуынша, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету елордалық тәртіп сақшыларының үнемі назарында.

Өз кезегінде «Байқоңыр» ауданы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Қайрат Төлепов ауданды бейнебақылау жүйесімен қамту жұмысы туралы айтып берді.

«Байқоңыр ауданында 446 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 90 пайызы бейнебақылау камерасымен қамтылған. Істен шыққан бейнебақылау камерасы анықталған жағдайда жергілікті әкімдік пен полиция бөлімшесіне олқылықты жою жөніндегі хабар дереу жеткізіледі», - дейді бөлім басшысы.

Бұған дейін астаналық полицейлердің тәулік ішінде 100-ге жуық қылмыстың бетін ашқанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында 1 мыңнан астам елорда тұрғынына құқықтық көмектің көрсетілгені айтылды.