Елорда күні аясында «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалінің бағдарламасы соңғы 6 жылдағы ең қанық әрі қызықты жоба болмақ.
None
None

Бұл туралы Астана күнін ұйымдастыру комитетінің медиа-штабы хабарлады.

2014 жылы 4-7 шілде аралығында «Хан Шатыр» СОО алаңында дәстүрлі киізді пайдалана отырып, жазық далада шеңберлей орналастырған, жайма базары жайқалған және шатыры көтерілген қалашық жасалады.

Биылғы жылы әдеттегі қалалар қоршалатын дуалдың орнына көрмеге арналған шатырлы кешен бой көтереді. Яғни бұл - абылайша және қос тәрізді шатырлармен қоршалған әрі арқанмен тартылған құрылыс түрі.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы - жылқы үстіндегі қойылымдарға арналған алаңның болмауы. Оның орнына ат құлағында ойнайтын каскадерлердің өнер көрсетуіне 1600 шаршы метр аумаққа құм төгілген арнайы алаң қарастырылады. Сонымен бірге «Жел жады» инсталляциясы мен әдет-ғұрып голографиялық театрына арналған шар тәрізді кешен келушілердің қызығушылығын тудырмақ. Сондай-ақ, көшпелілер өркениеті фестивалі аясында мынадай шаралар ұйымдастырылады:

Әдет-ғұрып голографиялық театры: Негізгі ұстанымы нағыз актерлердің виртуалды нысандармен өзара қарым-қатынасынан тұрады - актерлер мен үлгі көрсетушілер виртуалды сахна кеңістігінде әдет-ғұрыптарды көрсетеді. Әр рәсімнің көрерменді біресе өзен жағасына, біресе киіз үйге орналастыратын өзіндік голографиялық сахнасы бар. Театр көрермені қыр адамының өмір жолын актерлермен бірге бірте-бірте басынан өткереді;

Дәстүрлі музыка концерті: дәстүрлі түркі музыкалық мұрасының жанрлық әралуандығы көрініс табады: домбырадан ескен күй, қобыздан төгілген көне сарын және басқа да музыкалық аспаптар, халық әндері мен дәстүрлі композициялар, толғау, терме, жырлар.

Ақындар айтысы: суырыпсалма өнері мен зеректікті, тапқырлық пен танымды сынға салған ұлттық жанр. Айтыс өнерінің ерекшелігі - айтыскерлер қай заманда болмасын қоғамның өткір мәселелерін қаймықпай ортаға салған. Бағдарлама барысында айтыс өнерінің «Қыз бен жігіт» айтысы, «Жұмбақ айтыс», «Қайым айтыс» және «Түре айтыс» түрлерінен ақындар сынға түседі.

«Ат жалында» ат-спорты шоуы: «Ат жалында» шоуының биылғы ерекшелігі құммен көмкерілген арнайы алаңның (65Х25 м.) ұйымдастырылуы, онда каскадерлер дала төсінде шебер өнер көрсеткен қыр баласындай қаймықбай бар білгендерін ортаға сала алады;

«Жамбы ату»: ұлттық спорт түрі, мұнда қатысушылар өздерінің мергендіктерін сынға салады. Дәстүр бойынша, спортшы нысанасы «кесек алтын» емес, аталмыш алтын орналасқан жұқа арқан болмақ.

Ұлттық қолданбалы өнер жәрмеңкесі: Шатырлы жәрмеңке кешенінде Ұлы даланың ұлттық-қолданбалы өнер жәдігерлері көрініс табады: зергерлік бұйымдар, ұлттық ыдыс-аяқ, тоқыма және кілем тоқу өнері, ағаш жону мен тас қашау және т.б. өнерлер ортаға салынады. Жәрмеңке барысында қолданбалы өнерден шеберлік сағаттары ұйымдастырылады;

Көшпелі цирк: арқанмен өрмелеуші, жонглер, эквилибристер өнер көрсетеді

«Киіз басу» этно-шоуы: фестиваль көрермендерінің көз алдында киіз басу өнерінің қыр-сыры жайылады. Сондай-ақ шеберлік сағаттары қарастырылған.

«Алтын сақа» спорт сайысы : фестивальға қатысушылар «асық ату» ұлттық ойынына қатысу арқылы өз мергендіктері мен ептіліктерін таразылай алады.

« Фольклорға толы өмір » этно-шоуы : көшпелілер өміріндегі айтулы оқиғалардың алуандылығын және оның фольклорлық музыкада көрініс тапқанын көрсетуге бағытталған. Бағдарламаға өз ұлтының фольклорлық мұрасын сақтаған түркі халықтарының өкілдері қатысады.

Ұлттық қазақ аспаптарының шеруі: Шеру ұлттық аспаптардың үні арқылы қазақ фольклорының бай мұрасын паш етуге арналған. Бағдарламада түркі әлемі өкілдері аспапшылары өнер көрсетеді. Шоу барысында жүргізушілер аспаптар туралы мәлімет беріп отырады.

«Киім тарихы» шоуы: киім - этнографиялық ақпараттың маңызды көзі, онда тек өмір салты ғана емес, эстетикалық және этикалық, дүниетанымдық сыр жатады. «Киім тарихы» шоуында дала төсін емген көшпелі ұлттардың XIX ғасырға дейінгі киімдері көрсетіледі.

Балаларға арналған «Менің кішкентай киіз үйім» шеберлік-сағаты: шеберлік сағаты фестивальдің дәстүрлі шарасы, онда жас буынға киіз үй құрылысы мен оны тігудің қыр-сыры толық баяндалады. Кішкентай қонақтардың жас ерекшелігіне сәйкес, киіз үй жабдықтарының өлшемі ескерілген.

Музыкалық аспаптар көрмесі: алуан түрлі ұлттық музыкалық аспаптар қойылады. Келушілер ғасырлар бойы сақталған жәдігерлерді көріп әрі ұстап қана қоймай, оның шығу тарихымен танысып, үнін тыңдай алады.

Қыран құс пен тазы көрмесі: кез-келген аңшылық өнерінің басты нышаны - қыран бүркіт пен тазы ит. Фестиваль қонақтары саятшылық сырларымен танысып, аңға шығу салтын сақтаған бүгінгі ізбасарлармен тілдесе алады.

Ұлттық тағам: Қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарымен танысып әрі оның дәмін тата алады.

Соңғы жаңалықтар