15:54, 17 Шілде 2020 | GMT +5
Елорда құрылыс басқармасының бұрынғы басшылары 200 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының бұрынғы лауазымды тұлғалары бюджет қаржысын ұрлау күдігіне ілінді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұр-Сұлтан қаласы Қорғалжын тасжолының оңтүстігінде тұрағы бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын салу мен пайдалануға беру үшін бөлінген 200 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының бұрынғы басшысына және басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.
Қайсар Баржақсыновтың айтуынша, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.