Елорда маңына қатынайтын автобустар қозғалысы қалпына келтірілді

«Сағат 10:30 өзекті ақпарат: қала маңына қатынайтын №№ 302, 303, 308, 320, 323 бағдарларының қозғалысы қалпына келтірілді. Бағдарлардың қозғалысы бекітілген кестеге сәйкес қаладан басталады», - деп мәлім етті City Transportation Systems компаниясынан.
Еске салайық, бүгін таңертең ауа райы жағдайына байланысты қаламаңы автобустарының қызметі тоқтатылған болатын.
Кеше сағат 19:00-ден бастап елордада боран, екпінді жел, қалың қар мен көктайғаққа байланысты ескерту жарияланды.
Қала бойынша аялдамаларда автобус күтіп тұрған азаматтарды жеткізу үшін 25 жергілікті вахта жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар департаменті астанадан шығатын республикалық және облыстық маңызы бар барлық автожолды жапты, жедел штаб құрып, шұғыл телефон желісін ашты.
Сондай-ақ ауа райының бұзылуына байланысты кеше кешке Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайының жұмысы уақытша тоқтатылды. Түнде әуе айлағы қалыпты жұмысына кірісті. Алайда, рейстердің кестесінде әлі де іркіліс бар.