Елорда маңында 11 қар полигоны белгіленді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда маңында 11 қар полигоны белгіленді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы Бауыржан Бейсенқанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл қала бойынша 11 қар полигоны айқындалды. Биылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша қала аумағынан 325 686 текше метр қар шығарылды, 8 580 текше метр құм-тұз қоспасы төселді. Күн сайын қаланың жолдары мен көшелерінде «Астана Тазалық» ЖШС-нің 500-ден астам техникасы мен 400 астам жұмысшысы еңбек етеді. Оның негізінде 14 мың текше метр құм-тұз қоспасы және 350 тонна көктайғаққа қарсы реагент дайындалды», - деді Бауыржан Бейсенқанов әкімдіктегі онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 22 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Астана-Энергия» АҚ-ның көмір қоры 325 647 тоннаны құрады (ЖЭО-1- 43 554 тонна, ЖЭО-2- 282 093 тонна).
«2019-2020 жылдар кезеңінде қала бойынша 105 қар тазалау техникасы сатып алынды. Сонымен қатар, 2020 жылдың соңына дейін «Астана-Тазалық» ЖШС қосымша 70 қар тазалау техникасын сатып алуды жоспарлап отыр», - деді департамент өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бауыржан Бейсенқанов елорда маңындағы автожолдарда жолаушыларды құтқару бекеттері туралы айтқан болатын.