Елорда мектебінде Қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасы талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша бүгін Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Астанадағы №22 мектеп-лицейдің жоғары сынып оқушыларымен және ұстаздармен кездесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Елорда мектебінде Қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасы талқыланды

Кездесу барысында Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Тұжырымдаманың басты ерекшелігі – оны әзірлеу тәсілдерінің өзгеруі. Бұған дейін профилактика бойынша барлық бағдарламалық құжаттар тек ІІМ қабырғасында дайындалған болатын. Бұл – жол карталары, кешенді жоспарлар және ведомстволық бағдарламалар. Енді тұжырымдаманы әзірлеуге бірінші кезеңнен бастап жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар, халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастық, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар белсенді түрде тартылатын болады. Құжат ішкі істер органдарының барлық салаларды толық қамти отырып, қауіпсіз және құқықтық қоғам құру үшін азаматтармен өзара іс-қимылдың «сервистік» моделіне кезең-кезеңімен көшуін көздейді.
Шарада қылмыскерлердің 80% жұмыссыз, 33% бұрын сотталған екендігі, жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың 50% алкогольге және есірткіге мас күйде жасалғаны, әрбір екінші кәмелетке толмаған құқық бұзушының оқымағандығы және жұмыс істемегендігі, сондай-ақ мегаполистердегі қылмыстардың 51% өзге өңірлерден келгендер жасайтыны атап өтілді.

«Тек полицияның көмегімен қылмыстық құқық бұзушылық жасау проблемаларын шешу мүмкін емес. Өйткені бұған әлеуметтік, экономикалық, географиялық, көші-қон, табиғи, мәдени, демографиялық және басқа да факторлар әсер етеді. Қылмыс деңгейіне 250-ден астам фактор әсер ететіні ғылыми негізде дәлелденген. Тұжырымдамада көрсетілген шаралар Қазақстанның тұрақты дамуы үшін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің сапалы әрі жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік береді», – деді Санжар Әділов.

Кездесу шамамен екі сағатқа созылды. Жиын соңы қызу талқылауға ұласты. Мектеп оқушылары мен мұғалімдер құқықтық тәртіпті сақтау және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.