Елорда нысандарының 85% жылыту маусымына дайын – әкімдік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов жылыту маусымына дайындық шаралары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда нысандарының 85% жылыту маусымына дайын – әкімдік

«Жылумен қамту жүйесінің магистральді желілерін гидравликалық сынақтан өткізу, тұрғын алаптарындағы қазандықтарды мен әлеуметтік нысандардың автономды жылыту көздерін дайындау жұмыстары толық көлемде аяқталды. Қосалқы электр стансаларға техникалық қызмет көрсету, сумен жабдықтау және су тарату жүйесінің бүкіл желісі дайын. Ал жылу және электр желі нысандарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Яғни, оның жылыту маусымының басталуына кедергісі жоқ», - деді әкімдік өкілі.

Басқарма өкілі білім беру, денсаулық сақтау нысандарының жылу беру маусымына дайындығы аяқталу сатысында екенін атады. «Бұл бағыттағы жұмыстарды 23 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Тұрғын үйлердің дайындығы 85%-ға жетті – 2 999 үйдің 2 557-сі дайын»,- деді Бағдат Байсадықов.