Елорда полицейлері 2021 жылғы жұмысындағы қызықты эпизодтарды жариялады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда полицейлері 2021 жылдағы жұмыс күндерінің қызықты эпизодтарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызықты және күлкілі жағдайлардан құралған бейнероликте балапандары бар үйректі құтқару сынды ерекше операция да қамтылды. Елорда тұрғыны «102» арнасына жүгінген. Мәлім болғанындай балапандары бар үйрек жолды кесіп өте алмай тұрған.
Құстарды құтқару үшін полиция жолдағы көлік қозғалысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Үйрекке жаны ашыған тұрғындар оны балапандарымен бірге ұстап картон қорапқа салып, Есіл өзеніне жеткізіп босатып жіберген.
Сондай-ақ, мас адамдарға қатысты де көптеген қызықты жағдай болған.
Мысалы, сәуір айында таңертең полиция қызметкерлері арнайы техниканы жүргізіп бара жатқан мас қызды ұстаған. Қыз «ZL – 30» фронтал тиегішін ұрлап айдап кетіп, жол апатын жасаған.Түнде аталған көліктің жүргізушісі дос қызын үйіне шақырады. Отырыста ер адам ішімдікке мас болып қалады. Содан қыз ер адамның ұйықтап қалғанын күтіп, кілтін ұрлап алып, жүк тиегішті айдап кетеді. Көлікті айдап әкеткен ханымды полицейлер тоқтатып, жүк тиегішті арнайы тұраққа қойды.
Осындай жағдайлардың бірі Есіл өзені бойында болған, киімсіз жағалауда велосипедпен серуендеп жүрген ер адам жаяу жүргіншілердің назарын өзіне аударған. Белгілі болғанындай ол түнде досымен ішімдік ішкеннен кейін салқындау үшін суға түседі, алайда судан шыққанда киімдерін таппайды. Танысы оның киімі мен заттарын ұрлап кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері кезекті мас жүргізушіні ұстайды. Едәуір мас жүргізуші қуанышын жасырмай ұлды болғанын айтады. Аталған азамат орташа мас күйінде болғаны анықталған.
Сондай-ақ, полицейлер тик-токерлерді ұстады. Мәлім болғанындай олар панорамасы керемет бейнеролик түсіру үшін көпірдің аркасына өрмелеп шыққан. Осы орайда куәгер болған адам полицияға хабарласып Қабанбай батыр даңғылында орналасқан көпірдің аркасына көтерілгені туралы жеткізген. Жастармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қала тұрғындарының қырағылығының арқасында жастар құтқарылды.